ІІМ мен OLX өкілдері есірткі жарнамасымен бірігіп күреспек

Ішкі істер министрлігі мен OLX хабарландыру платформасы есірткі жарнамасымен бірігіп күреспек. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"ІІМ-нің ведомствоаралық штаб отырысында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспардың орындалуын талқыланды. Жиналысқа әкімдер онлайн қатысты. Жиында ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сүнтаев есірткіге сараптама жүргізу мәселесін көтерді", - деді Шұғыла Тұрлыбек ІІМ-де өткен брифингте.

Өйткені бүгінде есірткіге сараптама жүргізу 10 күнді, ал синтетикалық препараттарға бір айдан аса уақытты алады. Сараптама қорытындысы болмай, күдіктілерді ұстау мүмкін емес. Сараптаманы ұзақ жүргізу күдіктіні босату қаупін арттыруы мүмкін.

"Осыған байланысты жиында сот сараптамасы орталықтарының зертханалық жабдықты сатып алуы үшін бөлінген қаржыны уақытында және толық игеруді қамтамасыз ету ұсынылды. Әкімдерге жергілікті бюджеттен қосымша қаржы бөлуге кеңес берілді", - деді ол.

Сонымен қатар, отырыста есірткі таратып жүрген балалар мен жастарды ұстау дерегі жиілеп кеткенін айтылған. Мұндай қылмыстар үшін заңда ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

"Отырыста онлайн платформалар есірткі курьерлерін жалдау үшін пайдаланылатыны талқыланды. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов былтырмен салыстырғанда бұғатталған есірткі сайттарының саны 2 есе өскенін жеткізді. Алайда мұндағы басты міндет - есірткі сайттарын анықтау ғана емес, оны тез бұғаттау", - деді Шұғыла Тұрлыбек.

Осыған байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігі осы бағытта тиісті жұмысты жүргізбек.

"Қазақстандағы OLX өкілдігімен тиісті уағдаластыққа қол жеткізілді. Елімізде әлеуметтік желінің өкілдігін ашу туралы келіссөз жүргізіліп жатыр", - деді ол.

Аяз Есен 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!