Бағдарлама аясында атқарылар іс көп

Бағдарлама аясында атқарылар іс көп
Фото: capital.kz

Қуатты экономика – қуатты мемлекет. Яғни, экономикасы қарқынды дамыған елде қай сала болмасын қарыштап ілгері басады. Өйткені, нарық заманында барлығы да капиталмен тікелей байланысты. Сондықтан да әрбір мемлекет экономиканы дамытуға басты назар аударады. Қазақстан да бұл қағидадан қалыс емес. Ел президентінің бастамасымен Үкімет ел экономикасын одан әрі ілгерілету мақсатында түрлі бағдарламалар қабылдап келеді. Сондай бағдарламалардың бірі – Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы.

Бұған дейін, индустриялық-инновациялық дамытудың 2010-2014 және 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы аз-кем айтқан болатынбыз. Ал бүгінгі айтпағымыз Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жайлы болмақ.

Аталмыш бағдарламаны  Қазақстан Республикасы Үкіметі 2019 жылы 31 желтоқсанда бекітті. Бағдарламаның мақсаты – өңдеу өнеркәсібінің ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

Бағдарламаны толықтай жүзеге асыру мақсатында Президент Үкімет пен жергілікті атқарушы билікке және уәкілетті органдарға бірқатар міндеттер жүктеді. Олардың ең бастылары: индустриялық кәсіпкерліктің әлеуетін арттыру арқылы индустрияландыруды тереңдету; сұранысқа ие өңделген тауарлар өндірісінің көлемін ұлғайту және номенклатурасын кеңейту; өнеркәсіптік қуаттарды ұлғайту; өңдеуші өнеркәсіп салаларын технологиялық дамыту және цифрландыру.

Нақты айтқанда, 2025 жылға қарай өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігін 2018 жылғы деңгейге қарағанда 1,6 есеге, өңдеуші өнеркәсіп экспорт көлемін 1,9 есеге, өңдеуші өнеркәсіп негізгі капиталына салынған инвестициялардың нақты көлемін 1,6 есеге өсіру. Сондай-ақ, экономикалық белсенді халықтың мың адамына шаққанда өңдеуші өнеркәсіптің жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарының санын 1,5 есеге ұлғайту, Экономикалық күрделілік индексін (Гарвард) 78-орыннан 55-орынға дейін (-0,31 балдан 0,14 балға дейінгі деңгейге) арттыру мақсаты алға қойылған. Бағдарламаны іске асыруға 780 797,1 млн. теңге көзделген.

Иә, ел экономикасын қарқынды дамытып, халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында бағдарламалар қабылданып, қаржы бөлініп ақ жатыр. Десе де, атқарылған жұмыс көңіл көншітер емес. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылжың 1-қыркүйегіндегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауында айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР президенті:

– Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз.  Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ.

Осылай деген мемлекет басшысы қордаланған мәселелердің нақты шешу жолдарын ұсынды.

«Әрине, мұның барлығы – күрделі мәселелер. Бірақ, оны шешудің нақты жолдары бар. Атап айтсақ, бұл – макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және  цифрландыру. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру» - деді Президент.   

«Әп-әдемі ән еді, пұшық айтып қор қылды» демекші, біздің елде жап-жақсы бағдарламалар қыбылданып-ақ жатыр, алайда олардың бірқатары не дұрыс жүзеге аспайды немесе аяқсыз қалады. Себебі, тиісті уәкілетті органдар өздеріне тиісті жұмысты тиісті деңгейде орындамайды. Соның салдарынан бағдарламаға бөлінген қаржы тиімсіз жұмсалады, не бюрократтық кедергілердің кесірінен тиісті жеріне дер кезінде жетпейді, немесе жемқорлардың жемсауына түсіп, жоқ болады, әйтеуір құрыдымға кетеді. Салдарынан бағдарламаның «бақыты» баянсыз болады. Сондықтан да мемлекет тиісті жұмысын тиісті деңгейде атқармаған уәкілетті орган басшыларына қатысты тиісті қатаң жаза қолдану керек. Ал, бағдарламаларға бөлінген қаржыны мақсатсыз жұмсағандар мен сыбайлас жемқорлардың қолына кісен салынуы шарт. Әйтпеген жағдайда, бағдарламалардың жүзеге асуы «Баяғы жар тас, сол жар тас» күйінде қала береді.

Сондықтан да, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Үкімет пен жергілікті билік, уәкілетті органдар «аққу, шортан һәм шаянның» тірлігін жасамай, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», өздеріне жүктелген тапсырмаларды дер кезінде сапалы етіп орындаулары тиіс. Сондай-ақ, жоғары жаққа жалған ақпарат беру деген жексұрын әдеттен біржолата арылуымыз қажет. Олай болмаған жағдайда, жарға жығылғанымыз жығылған.

О. Сансызбай