Жамбыл облысында қомақты қаржы жымқырған экс-шенеунікке қатысты тағы бір үкім шықты

Жамбыл облысында қомақты қаржы жымқырған экс-шенеунікке қатысты тағы бір үкім шықты
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Жамбыл облысында Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің басшысына тағы бір үкім шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Жамбыл облысының прокуратурасына сілтеме жасап. 

Бұған дейін, 2021 жылы арнайы прокурорлар ұзақ уақыт бойы кәсіпкерлерге мемлекеттік сатып алу саласындағы кепілдік жарналарды қайтармау дерегі бойынша бөлімнің басшысына қатысты қылмыстық істі тергеп-тексерген.

Кейін аудандық соттың үкімімен былтыр 19 мамырда ол Қылмыстық кодекстің 189-бабы 2-тармағының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Оны тергеу абақтысынан түзеу мекемесіне жолдағаннан ұзақ уақыт өтпей, жаңа қылмыстық іс тіркеу үшін тағы бір дерек анықталды.

Мәселен, ТКШ бөлімінің қызметін бюджет қаражатының жұмсалуына және депозитарияны ұйымдастыруға тексеру барысында 2014-2016 жылдар аралығында Т. Рысқұлов ауданының прокуратурасы 5 миллион теңгеден аса бюджет қаражатын жымқыру дерегін анықтады.

Жымқыру тәсілі аудандық әкімдіктің экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне бұрын ұрланған ақшалай қаражатты өтеу үшін мердігерге кепілдік сомасын қайтару үшін ақшалай қаражат бөлу туралы хат жолдау болды.

Осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша соталды тергеп-терсеру жүргізіліп, кейін қылмыстық іс сотқа жолданды.

20.09.2023 жылғы сот үкімімен бөлім басшысына осы қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, ҚПК-тің 58-бабының 3-бөлігін қолдана отырып (жаза неғұрлым қатаң жазаны сіңіру арқылы тағайындалды) 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Бөлек