"2 жасар баласы әкесін жұмысқа жібергісі келмеген суреті қалыпты". Зәкиева шахтадағы апат туралы

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева қаза тапқан 9 кеншінің артында кәмелетке толмаған балалары қалғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Бүгін Насымжан Жамбекқызы, ҚР ОАМ БҚҚК бірге қаза тапқан кеншілердің балаларына бардық. 9 кеншінің артында кәмелетке толмаған балалары қалған. Отбасылардың қазір басынан өтіп жатқан қиындықты сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бір кеншінің 2 жасар баласы әкесін жұмысқа жібергісі келмей, аяғынан ұстап тұрған суреті қалыпты. Тағы бір кеншінің анасы ұлының жұмысқа кетерінде мәңгіге кетіп бара жатқандай қоштасқанын есіне алып жатыр", - деп жазды ол әлеуметтік желіде.

Динара Зәкиева балаларға психологиялық көмек ұйымдастырылып жатқанын, мемлекеттік органдар мен әкімдік Президент тапсырмасымен отбасыларды жан-жақты көмекпен қамтамасыз ету бойынша жұмыс істеп жатқанын айтты.

Еске салайық, Қарағанды ​​облысындағы Костенко атындағы шахтада жарылыс болды. Қаза тапқандар саны 42 адамға жетті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды ​​облысындағы кеншілердің қазасына байланысты көңіл айтып, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясымен ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.

Кейін үкімет "АрселорМиттал Теміртауды" Қазақстанның пайдасына беру бойынша мәміленің аяқталғанын хабарлады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!