Қарағандыда қаза тапқан кеншілердің отбасыларына көмек көрсетіледі - Қошанов

Қарағандыда қаза тапқан кеншілердің отбасыларына көмек көрсетіледі - Қошанов
Фото: Тұрар Қазанғапов

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Костенко атындағы шахтада қаза тапқан кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетілетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қошанов Facebook-тегі жазбасында қаза болған кеншілердің туыстарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып, үйлеріне оралуын тіледі.

"Бұл мәселе Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Президент Үкіметке шұғыл тапсырма берді. Кеншілердің отбасыларына барлық көмек көрсетіледі. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылып, жұмысын бастады. Шахтада болған төтенше жағдайға қатысты Бас прокуратура қылмыстық іс қозғады. Оқиға орнында Мәжіліс депутаттары да жүр", - деді Қошанов.

Сонымен қатар, ол депутаттар Мемлекет басшысының "АрселорМиттал Теміртау" компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы шешімін толық қолдайтынын атап өтті.

"Компанияға тиесілі кен орындарында мұндай қайғылы оқиғалар жиілеп кетті. Әрине, бұл, ең алдымен, осы компанияның жауапкершілігінде екені сөзсіз. Сондықтан Президенттің аталған тапсырмасын депутаттар бірден-бір дұрыс шешім деп толық қолдап отыр. Мемлекетіміз үшін еш нәрсе адам өмірі мен денсаулығынан артық емес. Елдегі барлық инвесторлар мен өндіріс компаниялары осы ұстанымды басшылыққа алуға тиіс", - деді Қошанов.

Еске салайық, Қарағанды ​​облысында Костенко атындағы шахтада жарылыс болды. Қаза тапқандар саны 32-ге жетті.

ТЖ министрі, генерал-майор Сырым Шәріпханов Қарағандыдағы Костенко шахтасындағы апат орнына басшылық ету үшін барды. 

Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев  "АрселорМитталТеміртаумен" ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. 

Бас Прокуратура Қарағанды облысы Костенко атындағы шахтадағы өртке қатысты соталды тергеп-тексеру басталғанын хабарлады. 

Енді "АрселорМитталТеміртау" Қазақстан пайдасына берілуі мүмкін. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі өкілдері мәлімдеді. 

"Шахтадағы өрттің салдарынан топтық жазатайым жағдайдың себептеріне жан-жақты тергеу жүргізілетін болады. Сонымен қатар, келтірілген залалды бағалау, зардап шеккендерге және қаза тапқандардың отбасыларына алғашқы көмек көрсету жөнінде шаралар қабылданады.

Сондай-ақ, Үкімет "АрселорМиттал Теміртау" АҚ акционерлерімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізгенін және кәсіпорынның меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына беру туралы келісімшартты рәсімдеу аяқталу үстінде екендігін хабарлаймыз", - делінген хабарламада. 

С. Бөлек