Шымкент әкімі газдан уланып мерт болған бес адамның туыстарына көңіл айтты

Шымкент әкімі газдан уланып мерт болған бес адамның туыстарына көңіл айтты
Фото: instagram.com/gabit_syzdykbekov

Шымкент әкімі Ғабит Сыздыбеков газдан уланып мерт болған бес адамның туыстарымен кездесіп, оларға көңіл айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол бұл туралы өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды.

"Бүгін Ынтымақ шағын ауданындағы жеке үйде газбен улану салдарынан бес адам қаза тапты. Барлық жедел қызмет көрсету мекемелері оқиға орнына шұғыл түрде барды. Қаза тапқандардың туыстарымен кездесіп, жақындарынан айрылған жандарға көңіл айттым. Өз тарапымыздан барлық қажетті қолдау көрсетеміз. Төтенше жағдайлар департаментіне, газ беру қызметтеріне, аудан әкімдіктеріне көпқабатты және жеке секторлардағы газ жабдықтарын бақылау мақсатында кешенді тексеру жүргізуді тапсырдым. Одан бөлек, пешпен жылыту қолданылатын үйлер де тексеріледі", - деді ол.

Өңір әкімі қала тұрғындарынан пәтерлерде, жеке үйлерде газды пайдалану кезінде қауіпсіздік техникасын қатаң сақтауды үндеді.

Еске салайық, мұның алдында Шымкентте газдан бес адам уланып мерт болғанын хабарлаған едік.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан