Шведова Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне дайындық жөнінде айтты

Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Ярослава Шведова 7-12 қарашада Испанияның Севилья қаласында өтетін Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңіне дайындық жөнінде айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қазақстан теннис федерациясына сілтеме жасап.

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының финалдық кезеңінде осымен екінші рет өнер көрсетеді.

Ярослава Шведованың пікірінше, команданың алдында былтырғы нәтижені жақсарту міндеті тұр, яғни жартылай финалға шығуы керек.

"Әр команда әлем чемпионатына кубокті жеңіп алу мақсатымен келеді. Біз де сондай ниеттеміз. Әрине, күні бұрын болжау қиын. Оның үстіне командалық жарыстарда күтпеген нәтижелер болып жатады. Топтағы қарсыластарға келсек, Аустралия – өткен жылғы финалист, Билли Джин Кинг кубогінің жеті дүркін жеңімпазы. Аустралияның құрамы мықты, олар қай додада да фаворит болып есептеледі. Словения – жас құрама болғанымен, оны да осал дей алмайсың. Бұлар рейтингте бізден төмен тұрғанымен, барын салып, топтан шығуға тырысатыны анық. Елена Рыбакина қазір Мексикада WTA қорытынды турниріне дайындалып жатыр. Бұл жарыс біткеннен кейін Севильяда командаға қосылатын болады. Юлия Путинцева, Анна Данилина, Жібек Құламбаева және Аружан Сағындықова қазір кубокке тыңғылықты әзірленіп жатыр. Егер бәрі ойдағыдай болса, 3 қарашада Севильяда бас қосамыз. Өз командамызға, Қазақстан теннисі тарихында жаңа парақшаның ашыларына сенеміз. Сондай-ақ барша жанкүйерлерден қолдау күтеміз. Біз біріксек, күштіміз", - деді Ярослава Шведова.

Теннистен командалық әлем чемпионатына Қазақстаннан басқа Швейцария (2022 жылғы жеңімпаз), Аустралия, Франция, Канада, Чехия, Италия, АҚШ, Испания, Словения, Германия және арнайы шақырту алған Польша құрамалары қатысып, бақ сынайды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!