"Ең бірінші клиентім - әкем". Қызылордалық кондитер қалай кәсіп бастағанын айтып берді

"Ең бірінші клиентім - әкем". Қызылордалық кондитер қалай кәсіп бастағанын айтып берді
Фото: Жеке мұрағатынан

Қызылордалық Айсәуле Үббіхожаева хоббиін кәсіпке айналдырып, пайда тауып отыр. Оның шағын кондитерлік орталығында бүгінде бірнеше адам еңбек етуде, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

33 жастағы кейіпкеріміз – Сырдария ауданы Шіркейлі ауылының тумасы. Университетті биология пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген ол дипломын бір рет те кәдеге жаратпапты. Кондитерлік кәсіпке бетбұрыс үй ішіне тәтті дүниелер пісіруден басталған. Одан жақын-жуықтары да жан-жақтан қолқа салған.

 "Ең бірінші клиентім әкем болды. "Еңбегің ғой" деп, пісіріп берген тортымды сатып алғаны бар", - деді кәсіпкер келіншек.

Аз-аздан басталған хоббиін кәсіп көзіне айналдырғалы екі жылдан асты. Бір жылдай аудан орталығынан ғимарат жалдап, жұмыс істеді. Содан кейін мемлекеттік грант жеңіп алып, мемлекеттік қолдау есебінен біраз жоғын түгендеді. Бүгінде Тереңөзек кентіндегі кондитерлік орталығынан адам арылмайды. Бармағынан бал тамған аспаздар тапсырысты қоспағанда күніне 60 торт жасап жүр.

"Бизнестің заңы бойынша төрт-бес жылдан кейін ғана пайда көре бастайсың. Әзірге түскен табысты цехтың өзіне құйып келемін. Біресе пеш, біресе миксер сатып аламын", – деді Айсәуле Үббіхожаева.

Дәмі тіл үйірерлік торттардың бағасы 1800 теңгеден басталады. Бағасы салмағына қарай өсе береді. 100-150 мың теңгенің тәтті өніміне тапсырыс беретіндер ара-тұра кездесіп тұрады екен.

"Басты қолдаушым – отбасым. Ата-енем, жолдасым, балаларым мен бауырларым. Кәсібімді біртіндеп дөңгелетіп, Алла сәтін салса, 150-200 адам жұмыс істейтін цех ашқым келеді", - деді кейіпкеріміз.

Назерке Саниязова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы