Ұлытау облысында жаңа жел электр станциясын салу шешімі қабылданды

Ұлытау облысында жаңа жел электр станциясын салу шешімі қабылданды

Ұлытау өңірінде жаңартылатын энергия көздерінің әлеуеті белсенді түрде дамып келеді. Қуаты 1 гигаватт жел электр станциясы сияқты инновациялық, экологиялық таза және жоғары технологиялық энергетикалық нысанның құрылысы бүкіл аймақ үшін осы бағыттағы маңызды қадам болмақ. Ол үшін облыс әкімдігі жоба орындаушылары – қазақстандық "ТехноГруппСервис" ЖШС компаниясы және қытайлық Sinohydro Engineering Bureau Machinery and Equipment Co. Ltd. компаниясымен арнайы меморандумға қол қойды. Инновацияның басты мақсаты баламалы көздерден энергия өндіру болады, оның нәтижесі өңірді электрлендіру мәселесін шешу ғана емес, сонымен қатар бүкіл Ұлытаудағы экологияны жақсарту болады.

Облыста салтанатты жағдайда қуаттылығы жылына 100 дана болатын жел қондырғылары мұнараларының металл конструкцияларын шығаратын болашақ зауыттың капсуласы қаланды, сондай-ақ жел электр станциясын салу үшін әкімдік Жаңаарқа ауданында ауданы 20 000 гектар жер телімін бөлді, онда жыл бойы жел соғып тұрады.

Айта кетейік, Халықаралық жоба 2023 жылғы 17 мамырда Сиандағы екі ел президенттері арасындағы уағдаластықтар негізінде екіжақты Қазақстан-Қытай экономикалық ынтымақтастығы шеңберінде іске асырылады. Қытайдың Power Construction Corporation of China мемлекеттік құрылыс энергетикалық корпорациясының баспасөз қызметі мәліметінше, компания Қазақстанда екі инвестициялық жобаны жүзеге асыруға мүдделі:

  • осы айтылып отырған 1 гигаватт жел электр станциясын дамыту;
  • Жезқазғанда қуаттылығы жылына 100 мұнара (600-800 мегаватт ЖЭС баламасы) жел құрылғыларының мұнаралы металл конструкцияларын шығаратын зауыт салу. Экспорт мүмкіндіктерін есептемегенде, зауыттың 2030 жылға дейін қуаттылығы 33,5 гигаватт ЖЭС үшін әлеуетті жеткізу мүмкіндігі болады.

Жел электр станциялары үшін металл тірек мұнараларын шығаратын зауыттың құрылысы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның машина жасау саласын, оның ішінде энергетика саласын дамытуға қойған міндеттеріне сай келеді.

Биылдан бастап жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу және жобалау-іздестіру жұмыстары басталады. Зауыт құрылысы 2024 жылы басталып, 2025 жылдың аяғына дейін іске қосылады деп жоспарланған.

Жобаны жүзеге асыру үшін әкімдік облыстың өнеркәсіптік аймағынан 20 гектар жер учаскесін бөлді. Зауыттың Жезқазғанда орналасуы шикізатты жеткізу және дайын өнімді Қазақстандағы және көршілес елдердегі әлеуетті тұтынушыларға жөнелтуге логистикалық тұрғыдан тиімді екенін айта кеткен жөн.

Сонымен қатар, зауыт құрылысының инвестициялық жобасы Ұлытау өңірінің экономикасын дамытуға қуатты ынталандыру болмақ. Атап айтқанда, мұнда 30 миллион АҚШ долларына дейінгі инвестициялар тартылып, бұл дәнекерлеу және металл өңдеу сияқты жоғары білікті мамандықтарды қоса алғанда, 230 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Жезқазғандағы техникалық колледж жанынан тиісті мамандарды даярлайтын жаңа факультет ашу жоспарланған.

2030 жылға дейін қуаты 33 ГВт-қа дейінгі ЖЭС-ті әлеуетті дамыту жел турбиналары үшін тірек мұнараларын жеткізуге тұрақты сұранысты қамтамасыз етуге тиіс.

Зауыт құрылысы мен ЖЭС-ті дамыту ілеспе өндірістерді, соның ішінде бетон зауытын салу қажеттілігін тудырады. Отандық өндірушілер үшін қосымша артықшылық келесі шаралар арқылы отандық машина жасауды ынталандыру болуы мүмкін:

  • жабдықтарды әкелуге ҚҚС және кедендік баждарды алып тастау;
  • тек Қазақстанда өндірілген жабдық үшін банк несиелері бойынша субсидияланған пайыздық мөлшерлемелерді қолдану;
  • Қазақстанда жасалған жабдықты пайдаланатын жобаларға инвестициялық преференцияларды қолдану.

Жобаның қазақстандық серіктесі жасыл энергетика нысандарын жобалау, салу және қызмет көрсетумен айналысатын - "ТехноГруппСервис" ЖШС. 2021 жылы компания жасыл энергетика саласындағы "Алтын сапа" президенттік сыйлығының бірінші лауреаты атанды.

Жобаның қытайлық серіктесі ҚХР Құрылыс және инжинирингтік компанияларының "үлкен алтылығына" кіретін және энергетика нысандарын, оның ішінде ЖЭК құрылысында көшбасшы саналатын - PowerChina компаниясы. 2022 жылдың аяғына қарай компания жалпы қуаты 365 гигаватт жел электр станцияларын салып, Қытайдың жалпы электр желісіне қосты. Қазақстанда жобамен жел генераторларына арналған мұнаралар өндіруге және жел электр станцияларының құрылысына маманданған PowerChina еншілес кәсіпорны Sinohydro bureau 4 machinery equipment айналысады.

Жоспарланып отырған жобалар 2060 жылға дейін Қазақстанда көмірқышқыл газы шығарындыларын азайтуға және көміртегі бейтараптығына қолжеткізуге бағытталған. Қазіргі уақытта еліміздің электр энергиясын өндірудегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 5,8 пайыз болады. 2035 жылға қарай ЖЭК үлесі болжам бойынша кемінде 16 пайыз болады.

Ұлытау облысының әкімдігі ұсынған материал

Д. Шәріпхан