Төреғали Төреәлі Жүрсін Ерманды "Отан" орденіне емес, "Халық қаhарманы" атағына лайық көрді

Төреғали Төреәлі Жүрсін Ерманды "Отан" орденіне емес, "Халық қаhарманы" атағына лайық көрді

Әнші Төреғали Төреәлі ақын, журналист, қазіргі айтыс өнерінің ұйымдастырушысы Жүрсін Ерманның алған марапатына қатысты пікірін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әнші әуелі "Марапаттарыңыз құтты болсын, жақсы адамдар!" деп, Жандарбек Бұлғақовқа, Рамазан Стамғазыға, Айгүл Үлкенбаеваға, Димаш Құдайбергенге құтты болсын айтқан.

Кейінірек Жүрсін Ерманның аурухана төсегінде жатып, марапат алып тұрған фотосын жүктеп, ойын өлеңмен жеткізген.

"Жалтақтап төре менен төбе жаққа,
Айтыс көніп келеді көп азапқа.
Ерманов қой үйіріне қайта қосқан
Өлеңге өріс түгіл еге жоқта.
Отанға мың рақмет орден берген
Бұл бірақ Ермановқа өре боп па?!
Жанкешті дәл осындай жандар қайда
Күнде күйген күндестік деген отқа.
Жазықсыз ұшпасын деп өлең оққа
Қасқайып қалқан болған жебе жаққа
Негізі Жүрсін ағам лайықты еді
"Халықтың қаhарманы" деген атқа", - деп жазды Төреғали Төреәлі.

Еске салайық, Республика күні қарсаңында ақын Жүрсін Молдашұлы Ерман Мемлекет басшысының Жарлығымен "Отан" орденімен марапталған еді. 

Бұған дейін танымал ақын Жүрсін Ерман жансақтау бөліміне түскені хабарланған болатын. Ал кейін дәрігерлер Жүрсін Ерманның денсаулығына қатысты пікір білдірген еді. 

Кейінірек шетелде ем алып жатқан Жүрсін Ерман Алматыдағы айтыстардың бірінде көзге түсті.

Жүрсін Ерман - ақын, журналист, қазіргі айтыс өнерінің ұйымдастырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Оның "Жанартау", "Арайлы күн, армысың!", "Ұлытауға бардың ба...", "Құдіретке жүгіну", "Екі тізгін, бір шылбыр", "Құстың көлеңкесі", "Ырғай", "Арнадым сізге", "Көктөбедегі кездесулер", "Алыстан және жақыннан", "Гөй-гөй" атты кітаптары бар.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

М. Лұқпан