Экс-депутат Сәния Мұратоваға қатысты дау: сот қандай шешім шығарғаны белгілі болды

Сот Ақтөбе мәслихатының бұрынғы депутаты Сәния Мұратоваға қатысты іс бойынша шешім шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әкімшілік сотқа үш рет шақыру қағазын елемеген Сәния Мұратоваға қатысты бүгін шешім шығарылды. Экс-депутаттың өзі сот отырысына келмеген.

Мас күйде көлік жүргізгені үшін сот оны 15 тәулікке қамауға алуды және жеті жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айыруды ұйғарды. Сотта полиция инспекторы Нұржас Мүсіреп бір ай бойы полиция Мұратованың қайда екенін анықтай алмағанын айтты. Сондықтан істі қарап жатқан судья 53 жастағы экс-депутаттың қатысуынсыз шешімді оқыды.

"Сот қаулысы бойынша Мұратова ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекснің 608-бабы 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындалды және 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылсын", - делінген Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі мәліметінде.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде депутат Мұратова көлікті мас күйде жүргізіп ұсталғаны хабарланған еді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз