Экс-министр Бекетаев елден қашпақ болды - Бас прокуратура

Экс-министр Бекетаев елден қашпақ болды - Бас прокуратура
Фото: Tengrinews.kz / Турар Казангапов ©

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев экс-министр Марат Бекетаев Қазақстаннан қашпақ болған кезінде ұсталғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қылмыстық іс лауазымды өкілеттігін асыра пайдалану бойынша қозғалды. Мемлекетке аса ауыр көлемде шығын келтірілді. Бекетаев, шынында да, елден қашпақ болған кезінде ұсталды. Қалған мәлімет соталды тергеуге байланысты жария етілмейді", - деді ол.

"Әуежайда ма?" деген журналистің сұрағына прокурордың орынбасары "иә" деп жауап берді.

Еске салайық, бұған дейін әділет министрі Марат Бекетаев екі айға қамауға алынғаны хабарланған еді.

Антикоррупциялық қызмет Мемлекет басшысының заңсыз шығарылған активтерді іздеу және қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде бұрынғы әділет министрін (Марат Бекетаевтың - еск.) лауазымдық өкілетін асыра пайдаланды деген күдікпен ұстады.

Ол талап етілмейтін қызметтерді көрсетуге жыл сайынғы келісімшарттар жасау арқылы үлестес компанияның мүдделерін қолдаған. Бұл әрекет мемлекетке үлкен зиян келтірген.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова