"Бос тұрғанына биыл 12 жыл". Өскеменде құрылысы жырға айналған колледждің орнына мектеп-лицей салынатын болды

"Бос тұрғанына биыл 12 жыл". Өскеменде құрылысы жырға айналған колледждің орнына мектеп-лицей салынатын болды
Фото: видео кадры

Өскеменде құрылысы жырға айналған колледждің орнына ақыры мектеп-лицей салынатын болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Информбюро" жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Бірақ тұрғындар жемқорлықтың ескерткішіне айналған нысанның игілігін көреміз дегенге сенбейді. 12 жыл бұрын сол кездегі Білім және ғылым министрлігі бюджеттен 4 миллиард теңге бөліп, "көлік құрастыру саласының мамандарын даярлау колледжін" салуға тапсырыс берген болатын. Бірақ ғимараттың тек қаңқасын ғана тұрғызған мерігер жұмысты орта жолдан тастаған.

Құрылысты жандандыруға енді тағы бір компания кіріспек. Бес қабатты бұл ғимараттың терезесі үңірейіп, қаңырап бос тұрғанына биыл 12 жыл болды. Көлік құрастыру мамандарын даярлау колледжін салып бастаған мердігер құрылысты орта жолдан тоқтатқан. Ал жергілікті тұрғындар нысан жемқорлықтың ескерткішіне айналды деп ашынады.

"Нысанның құрылысы аяқталып, оны пайдалануға береді дегенге сенбейміз. Ол осылай жемқорлық ескерткіші болып қала береді деп ойлаймыз. Өйткені бұл нысан бірнеше рет сатылды. Қазір тағы бір кәсіпкер алып, мектеп салып, қайта мемлекет меншігіне бермек. Яғни, бәрі бұрынғыша болмақ", - дейді қала тұрғыны ержан Кулитаев. 

Қаңқасы ғана бар ғимаратты жекеменшік компания 180 миллионға сатып алған екен. Кәсіпкер мұнда 880 орындық дарынды балаларға арналған мектеп-лицейін салып, мемлекетке сатуды көздепті.

"Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамаларды алу жұмысы жүргізіліп жатыр. Сосын ол құжаттарды қорытынды алу үшін сараптамаға жібереміз. Одан кейін бір жарым жылдың ішінде нысанды пайдалануға беруіміз керек", - дейді "VK INVEST COMPANY" компаниясының директоры Руслан Шкебаев.  

Онсыз да бюджеттің 4 миллиард қаржысын желге ұшырған құрылысқа әкімдіктегілер тағы қанша қаражат жұмсайтыны белгісіз. Шенеуніктер мектептің жобасы аяқталған соң құны да белгілі болады деп отыр.

"Қазіргі уақытта мектептің проектісі салынып жатыр. Жасалып болған соң құрылыстар басталады. Қазір смета-проект жасалады ғой, соның құны анықталады. Сол уақытта белгілі болады құны қанша екені", - дейді ШҚО құрылыс, энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Саят Тойкенов.  

Еске салсақ, тоғыз жыл бұрын осы колледжді салуға арналған 1,5 миллиард теңге қаражатты жымқырды деген айыппен сол кездегі Білім және ғылым министрінің бұрынғы орынбасары Саят Шаяхметов қамауға алынған болатын. Сондықтан тұрғындар құрылысы жырға айналған нысан ел қазынасын тағы желге ұшырмаса екен деп үміттенеді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Сатыбалдина