Ақтауда белгісіз біреулердің ер адамды жабылып ұрған видеосы пайда болды

Желіде Ақтаудағы монша маңында ер адамның соққыға жығылған видеосы пайда болды. Белгісіз біреулер 40 жастағы ер адамды соққыға жыққан. Маңғыстау облысының Полиция департаменті видеоға түсіп қалған оқиғаға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Видеода бірнеше ер адам ғимараттан шыққаны көрінеді. Бір мезетте бірінші келе жатқан адамды қалғандары жұдырықтап, тепкінің астына алады. Кадрлардан соққыға жығылған ер адам есінен танып қалғаны байқалады.

Полицейлердің айтуынша, оқиға 3 қазанда сағат 03:31 шамасында болған.

"102" кезекші пультіне Ақтау қаласындағы моншалардың бірінің жанында белгісіз біреулер 40 жастағы ер адамды ұрып-соққаны туралы қоңырау түсті. Полиция қызметкерлері 28 және 31 жастағы екі күдіктіні анықтады", - деп хабарлады полиция.

Дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабы ("Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру") бойынша Ақтау қаласы ПБ-ға тіркелген.

"Сараптама тағайындалды. Басқа ақпарат тергеу мүддесі үшін жарияланбайды", - деді полиция өкілдері.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!