Индустриялық-инновациялық даму – ел экономикасын дамыту

Индустриялық-инновациялық даму – ел экономикасын дамыту
Фото: bvm.kz

Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы экономиканы әртараптандырып, оның бәсекеге қабілеттілігінің арттыру арқылы Қазақстанның индустриялық елдер қатарына қосылуына ықпал етеді. Аталмыш бағдарлама ел экономикасын шикізатқа тәуелділіктен арылта отырып, өндірістің дамуына, экспорттың артуына жол ашып, ел экономикасының қарқынды дамуын қамтамасыз етуі тиіс.

Осыны пайымдаған Үкімет, еліміздің алғашқы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтің бастамасымен Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 - 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын қабалдады. Бағдарлама аясында бірқатар жұмыс жүзеге асырылда. Атап айтқанда, инновациялық белсенді кәсіпорындар саны 4%-дан 7,6%-ға дейін өсті, 2014 жылдың басындағы жағдай бойынша елімізде 10 еркін экономикалық аймақ пен 10 индустриялық аймақ құрылды. Сондай-ақ, өндірісте жұмыс істейтіндер саны 12,7%-ға өсіті, индустрияландыру карсатының шеңберінде 61 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары құрылды.

Десе де, экономикалық көрсеткішрер біршама өскенмен, бағдарламаның мақсаты толықтай орындалмады. Оған қоса, әлемдік даму процестер бір орында тұрмайтыны тағы бар. Сондықтан да Үкімет 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму жөніндегі екінші бағдарламаны қолға алды. Бағдарлама аясында Шымкент қаласында МТБЭ өндіретін зауыт, Шығыс Қазақстан облысында Тұрғысын су электр станциясының құрылысы іске асырылды. Сондай-ақ, Қарағанды облысында қуаттылығы жылына 5 млн тонна полиметалл рудаларын қайта өңдеу зауыты іске қосылды. Одан бөлек, Сарыарқа ферроқорытпа зауыты жұмысын бастады. Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында Даму банкі жалпы сомасы 581 млрд теңгеге 29 жобаны қаржыландыруды мақұлдады.

Әйтсе де, Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі алғашқы екі бағдарламаның мақсаты толықтай жүзеге аспады. Оған әртүрлі объективті, субъективті факторлар әсер етті. Тіпті, базбір экономикалық көрсеткіштер көзделген межеден де төмен болып кеткен. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы тамызда Қарағанды қаласында өткен, Қазақстанды индустриялық-инновациялық дамту жөнінде кеңесте айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР президенті: 

– Ел экономикасында түбегейлі өзгеріс байқалмайды. 10 жылдан бері жалпы ішкі өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 11 пайыздан аспай келеді. 2015-2018 жылдардағы еңбек өнімділігінің өсімі 4 пайызға ғана жетіп отыр. Ал жоспар бойынша 12 пайызды құрауы тиіс еді.

Президент, кей тұста бюрократиялық кедергілердің бой көрсетіп жатқанын, солардың кесірінен отандық өндірушілерді қолдауға бөлінген 600 миллиард теңгенің тиісті жеріне жетпегенін де тілге тиек етті.

Сондай-ақ, кеңестің ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде Президент Қазақстан аймақтық нарықта ғана емес, жаһандық нарықта да бәсекеге қабілетті болуы тиіс екенін, ол үшін озық технологиялы, қуатты әрі қарқынды өнеркәсіп қажет екенін атап өтті.

Осылай деген Президент Үкімет пен әкімдіктерге бірқатар міндеттер жүктеген болатын. Оның ішінде, дайын өнім экспортын артыру басты мәселе екенін алға  тартты. Өйткені, пандемияға дейінгі үш жыл ішінде еліміздегі экспорттың жалпы құрылымында өңдеу секторының үлесі 8 пайызға дейін төмендеп кеткенін еске салды. Сондықтан кедендік, салықтық, көлік-логистикалық, тарифтік және басқа да талаптарды зерттей отырып, перспективті экспорт нарығына шығу жолдарын қарастыру қажет екенін айтып, нақты тапсырмалар берді. Сонымен қоса, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту басты мәселенің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев «елімізді индустриялық-инновациялық дамту «болашақ экономикасын» дамытуға негізделуі тиіс» екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары мен ұсыныстары 2020-2025 жылдарға арналған Қазақстанды индустриялық-инновациялық дамту мемлекеттік бағдарламасының үшінші бесжылдығын іске асыру барысында ескерілетін болды. Үшінші индустриялық-инновациялық бағдарлама Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 1050 қаулысымен бекітілді.

Бағдарламаның басты мақсаты – өңдеу өнеркәсібінің ішкі және сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілеттілігіне қол жеткізу. Бұл үшін Президенттің ұсыныстарын іске асырып, тапсырмаларын дер кезінде орындау абзал.

Бір сәт кешеуілдеуге болмайды. Өйткені, сәл кідірсек дамыған елдердің «ұлы көшіне» ілесе алмай қаламыз. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы тамызда Қарағанды қаласында өткен, Қазақстанды индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі кеңесте «Біз әлемдік конъюнктураның нашарлаған жағдайында бәсекенің артқанын, сауда қақтығыстарының шиеленіскенін, жалпы жаһандық қарама-қайшылықтарды бақылап отырмыз. Біз көріп отырғандай, әлем бір орнында тұрмайды. Сондықтан біз уақыттан қалып қоймауымыз қажет» - деді.

Ал, 2020-2025 жылдарға арналған Қазақстанды индустриялық-инновациялық дамту мемлекеттік бағдарламасының үшінші бесжылдығын іске асыру барысы туралы алдағы уақытта қосымша баяндайтын боламыз.

О. Сансызбай