"Айналасы итке толы, төбесінен су ағатын, едені жоқ лашықта тұрған". Блогер Ырысбала Икрамбай мүмкіндігі шектеулі жандарға үй сыйлады

Танымал блогер Ырысбала Икрамбай журналист Гүлмира Әбіқаймен бірігіп, мұқтаж жандарға көмектесті. Бұл туралы олар әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

10 күндей уақыт бұрын Ырысбала Икрамбай қиын жағдайдағы отбасының мүшкіл хәлін жариялаған еді.

"Қарт ана құлағы естімейді, денсаулығы жоқ. Ұлдың психикалық ауытқуы және талма ауруы бар. Келінде де психикалық ауытқу, бірақ 7 жыл бойы ауру енесін және күйеуін бағып келе жатыр. Алыстан су тасып ішеді, темір, қаңылтыр теріп соны өткізіп, күнделікті ас-суына ақша табады екен. Айналасы қаңғыбас итке толы, төбесінен су ағатын, есігі жабылмайтын, едені жоқ жерде өмір сүріп келе жатыр. Бір-ақ сүретін өмірді қор болып өтпесінші, бір уақытта өмір сүріп жатырмыз, қарап отырып жаның ашиды екен. Біз Ырысты армия болып үйлі етсек, Гүлмира ханым денсаулығы мен мүгедектікке шығу заң жағын қолға алып, бұл отбасыны көшке қосып жіберсек", - деп жазған болатын блогер.

12 күнде мұқтаж отбасының тілегі орындалып, баспаналы болды. Блогер бұл жолы 86-үйді табыс еткен.

"Қосылды қазақтың қос қызы
Бұзылмасын арадаға сіз бізі.
Гүлмира әпкем қиын жағдайдағы отбасының мұңын, мұқтажын ел алдына шығарды. Бір отбасында бір емес, қордаланған мәселелер көп екен. Заң жүзіндегі барлық мәселесін Гүлмира қолға алды. Ал мен Ырысты армияммен әлеуметтік мәселесін, арман болған баспанасын алуға кірістік. Небәрі 12 күннің ішінде үйлі болды қалың қазақтың арқасында, апа мен ұлы ауруханада ем алып, Алла нәсіп етсе көшке қосылды бұл отбасы да", - дейді ол.

Берілген баспана барлық керек-жарағымен қамтылған, Алатау ауданында орналасқан. Сонымен қатар, баспанаға ие болып жатқан жандарға медициналық көмектер де көрсетілетіні айтылды.

"Құндыз апа осы уақытқа дейін ешқандай медициналық, әлеуметтік, мүгедектігі үшін көмек, жәрдемақы алмаған. Қазір денсаулығына байланысты мүгедектік пенсия алу үшін ауруханада арнайы ем алып жатыр. Бір емес екі диагнозы бар Мадияр ұлы да осы уақытқа дейін мүлде дәрігер қабылдауында болмаған. Апа да, ұлы да ауруханада ем алып жатыр. Бүгінгі күн райына байланысты талмасы ұстап Мадияр ауруханада қалды, апасымен келініне үйдің кілтін табыстадық. Енесі мен жарына 7 жыл бойы қызмет жасаған Шырынгүл келіннің еңбегі адал. Ақ көңіл еш арам ойы жоқ ғой шіркіннің. Алданып қаламын деп қорқыпты, ескі үйінен осы жаңа үйге алып келуге машина жіберсем қорқамын деп біраз қырсықты. Бірақ Алланың пендесі ғой. Біз көзге ілмей кетсек, бізге дейін де біраз жандарға алданып айналаға сенімін жоғалтқаны көрініп-ақ тұр. Обал емес пе? Шын мұқтаждығын көріп тұрып кете алмадық, қалың қазақ та қарап қалмады. Небәрі 12 күнде лашықтан алып, әп-әдемі үйге кіргіздіңіздер! Осы жасаған сауапты ісіңіз екі дүниеңізді нұрға бөлесін, жаныңызды, жеті ұрпағыңызды жамандық атаулыдан сақтасын!" - деп жазды Ырысбала Икрамбай.

Үйге ие болып отырған жандар қуанышын жасыра алмады.

"Жақсы жерге келдім алданбай. Қуанышты сезімде отырмын. Бұрынғыдай баспанада емес ханның баспанасындай тұратын боламыз", - дейді Шырынгүл.

Желі қолданушылары жантебірентер көрініске, блогер мен журналистің еңбегіне жылы лебіздерін жазған.

"Мынау үйге тура мен барып кірейін деп жатқандай қатты қуанып көріп отырмын. Жарайсыздар, Гүлмира, Рысбала", "Жаным сол. Нағыз шүкірліктің қадірін білетін жан екен. Етті бөліп алып кетіңдер деп қояды ғой", "Жақсы жерге келдім, алданбай" дейді. Пейілі таза жандар", "Қолының ашықтығына ризамын, Алла осы пейіліне берген екен", "Бүкіл қазақ болып осы кісілердін үй алғанын күткен сияқтымыз, көңілдері судай кіршіксіз таза неткен жандар", "Қанша үйді көрсем де, бірақ осы баспананы табыстағыныңызды қатты күттік! Алла разы болсын!", "Әр қазақ біздің жалғызымыз деп жан ұшыра, қайтсек көмегіміз тиер екен деп жүгіріп, жандарын салып жүрген қазақтың маңдайына біткен қайсар қыздары Гүлмира мен Ырысбалаға миллиард есе Алланың нұры жаусын", - дейді олар.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!