Алматы облысындағы ауылдардың 90 пайызы ауыз сумен қамтылған

Алматы облысындағы ауылдардың 90 пайызы ауыз сумен қамтылған
Фото: Иллюстрациялық фото \ Тұрар Қазанғапов

Қасым-Жомарат Тоқаев өңірлерге іс-сапары барысында ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету кезек  күттірмейтін мәселе екенін айтты. Президенттің пәрменінен кейін ауылдағы ағайынды ауыз сумен қамтуды жергілікті жауаптылар бір жолға қойғандай. Мәселен Алматы облысындағы ауылдардың 92,7 пайызы тіршілік нәрімен қамтылған. Өңірдегі ахуалды Massaget.kz тілшісі біліп көрді. 

Алматы облысында 384 елді мекеннің 356-сы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 5 128 шақырымды құрайды. Ағайан ауыз судан таршылық көрмесін деп сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта жаңарту және салу бойынша 56 жобаны іске асыруға 2023 жылы республикалық бюджеттен 23,8 миллиард, жергілікті бюджеттен 5,1 миллиард теңге бөлінген. 

Жүйелі жұмыстың нәтижесінде бүгінгі таңда Шабыт шағын ауданы, Іле ауданы - Междуреченск ауылы, Жамбыл ауданы - Ащысу ауылы, Балқаш ауданы - Жиделі ауылын ауыз сумен жабдықтау аяқталды. Сонымен қатар желтоқсан айына дейін 24 жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталуы тиіс. Ал қалған 29 насан бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 2024 жылы орындалатын болады. 

фото: instagram.com / tenizbayev.nurbakhyt

Алматы облысында ауыз судың азабын тартып келген Кеген ауданы болатын. Бүгінгі таңда Кеген халқының 91 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Тұрмыстық тауқымет тартқан бұқара үшін арба сүйреп су таситын күндер келмеске кетті деуге болады. 

Алматы облысындағы ауыз су мәселесін шешуге бағытталған 4 жобаны іске асыруға ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 16 тамыздағы №685 қаулысымен ҚР Үкіметінің резервінен 2023 жылға 5,2 млрд.теңге бөлінді. Бұл жобалар аяқталар болса 534 шақырым желі салынып қайта құрылуы ықтимал. Нәтижесінде сумен жабдықтау желілерінің тозуы 54,3 пайызға төмендейді. 2025 жылға дейін ауылдық елді мекендер орталықтандырылған ауыз су жүйесімен 99,6 пайыз қамтылады деп жоспарлануда. 

Ағайынның тіршілік нәрінен тарықпағаны жақсы әрине. Алайда суды үнемдеу керек. БҰҰ-ның мәліметінше 2025 жылдан кейін жер бетінде ауыз су тапшылығы басты түйткілге айналады. Ғалымдар 2030 жылдары адамдар "ауыз су үшін соғыса бастайды" деген болжам айтқан еді. Сондықтан суды үнемдеуді алдыңғы жолға қою керек. Өйткені еліміздегі су қоры мол Іле, Ертіс, Шу, Талас, Жайық, Сырдария секілді негізгі өзендердің бастауы басқа елде. Ал кісідегінің кілті аспанда екені айтпасада түсінікті. 

Орталық азия елдері трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалануда. Ортақ пәтуаға әлі күнге дейін келген жоқ. Таулардан бастау алатын мол суға ие Қырғызстан мен Тәжікстан көршінің көңіліне қарамайды. Мәселен жаздың соңы Қырғыстан "Киров" су қоймасы арқылы Қазақстанға келетін су мөлшерін азайтып, Жамбылдағы диқаншылардың дегбірін қашырып еді. Өйткені қара су қазіргі таңда қып-қызыл саясатқа айналып барады.

Фото: Талас өзені. © akchabar.kg

2018 жылғы  мәлімет бойынша 1950 жылдары Қазақстанда 120 миллиард текшеметр шамасында су қоры болса, қазір оның көлемі 100 миллиард текшеметрге дейін кеміді деген болжам бар. Таза су деңгейінің төмендеуі халық санының артуымен тікелей байланысты. Мәселен Ұлттық статистика бюросының мәліметінше 2022 жылы бұқараға 635 617, 0 милилон текше метр су жіберілген. Бұл көрсеткіш жыл сайын артпаса, төмендемейтіні анық. Сол себепті ауыз суды үнемдеуді дүйім жұрт болып қолға алу керек. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов