"Байбек Құлыбаевтардың пайдасына КазГУ-дің жеріне қаулы шығарған". Депутат Бақытжан Базарбек күтпеген мәлімдеме жасады

"Байбек Құлыбаевтардың пайдасына КазГУ-дің жеріне қаулы шығарған". Депутат Бақытжан Базарбек күтпеген мәлімдеме жасады
Фото: 2gis.kz

Депутат Бақытжан Базарбек Алматы қаласының экс-әкімдері Бауыржан Байбек пен Бақытжан Сағынтаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жерін заңсыз түрде Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаевалардың пайдасына бергенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Massaget TV YouTube арнасына берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның сөзінше, экс-әкім Бауыржан Байбектің Алматыдағы Рахат базарына қатысты да үш қаулысы заңсыз деп танылған.

"Жер саласында заңдылықтың орын алуына кедергі жасайтындар өте көп. Ең біріншіден, жерлерді кімнен алдық, кімдерді тексеріп жатырмыз? Қай әкімді тексеріп жатырмыз? Ең біріншіден, әкімдерді тексереміз. Қала әкімдерін тексереміз. Бауыржан Байбек әкім болып тұрған кезде қаулыларын тексерткенмін. Бауыржан Байбектің қаулыларын сот барысында заңсыз деп танығанмын. 3 даулы сот ісі бойынша. Алматы қаласында Рахат деген базар бар, солардың құқықтарын қорғадым. Рахат базарының маңында тағы екі базар бар. Сол жерде азаматтардың құқықтарын қорғадық. Сөйтіп, Бауыржан Байбектің үш қаулысын заңсыз деп таныдық", - дейді ол.

Бауыржан Байбек әкім болып тұрған кезде шығарылған ең үлкен қаулы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жеріне байланысты болыпты. Депутат Бақытжан Базарбек бір кездері Алматы қаласының әкімі болған Бауыржан Байбек пен Бақытжан Сағынтаевтың осы іске қатысты да қаулысы заңсыз деп танылғанын айтады.

"Бауыржан Байбектің тағы да бір ең үлкен қаулысы - КазГУ-дің жері. Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаеваның иелегіне ТОО-ларға тиісті қаулы шығарып берген. Қаулыдан кейін Бақытжан Сағынтаев тағы да қаулы шығарып берген. Сол Бауыржан Байбектің 2017 жылғы, Бақытжан Сағынтаевтың 2019 жылғы қаулысын заңсыз деп таныдық. Сот шешімін қарасаңыздар, бұл әкімдердің іс-әрекеті заңсыз деп танылады. Әкімдер қаулы шығарған кезде Жер кодексінің 43, 44-бабын қатаң түрде бұзды деп көрсетіп тұр. Қаулыны алып, Байбекті, Сағынтаевты жауапкершілікке тартуға мүмкіндік болады", - дейді Бақытжан Базарбек.

Тіпті депутат Бақытжан Базарбек Бауыржан Байбектің үстінен Антикорға да арыз жазыпты.

"2017 жылы қаулы шыққаннан кейін 2019 жылы Бауыржан Байбектің үстінен Антикорға арыз жазғанмын. Сонда талап қойдым: Байбектің үстінен қылмыстық іс қозғау. ҚазГУ-дің жері кетіп қалды, мемлекеттік заңды тұлғаның жері. КазГУ, КазГУ-дің басшылығы, ол кезде Ғалымқайыр Мұтанов және Бауыржан Байбек мемлекеттік жер пайдаланушы болып табылатын Қазақ ұлттық университеті жерін иеліктен шығаруға септігін тигізген? Кімнің пайдасына? Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаеваның пайдасына. Сөйтіп, арызды толығымен жазды. Антикор қозғамайды. Антикордың жауабы: комиссия құрылады, комиссия шешім шығарады, содан кейін процессуалдық шешім қабылдаймыз. ...Ең соңында Антикор арызымды қысқартып-қысқартып жауап тастады", - дейді депутат.

Еске салайық, бұған дейін ҚазҰУ-дан заңсыз алынған жерге не салынбақ болғаны анықталған еді. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова