Мемлекет меншігіне құны 63 млрд теңге болатын компания қайтарылды

Қаржылық мониторинг агенттігі "Қазақстанның инвестициялық қоры" АҚ заңсыз жекешелендіру фактісі бойынша тергеуді жалғастырып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тергеу барысында "Бәйтерек" "ҰБХ" АҚ меншігіне құны 63,3 млрд теңге болатын "Қазақстанның инвестициялық қорының" (ҚИҚ) 100 пайыз акциясы қайтарылды.

Сотқа дейінгі тергеу басталғанда қордың Қазақстанның даму банкі алдында 18,7 млрд теңге көлемінде борышы болған.

Агенттікпен қабылданған шаралармен, оның ішінде қолма-қол ақшамен өтеу есебінен (9,2 млрд теңге сомасына дебиторлық берешекті қайтару қамтамасыз етілді) берешек 3 есе төмендетілді (18,7 млрд теңгеден 6,3 млрд теңгеге дейін).

Сондай-ақ 12 еншілес компания қордың бақылауына қайтарылды. Бұл – металл конструкцияларын, жол және құрылыс битумын шығару, шиналарды және ірі қара малдың терісін қайта өңдеу, қағаз-картон өнімдері, желімделген ағаш конструкциялар, бағыттамалы бұрмаларды шығару зауыттары және полиграфия.

ҚИҚ балансына Алматы қаласындағы бизнес-орталықтың ғимараты және Алматы облысындағы құны 1,6 млрд теңгеден асатын жер учаскелері қайтарылды.

Сондай-ақ Dosjan Temir Joly АҚ жылына небәрі 100 млн теңгеге 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға беру туралы шарт жойылды.

Кәсіпорынның 2022 жылдың қорытындысы бойынша таза пайдасы 1,3 млрд теңге болғанымен бастапқы бағалау кезінде бұл ескерілмеген. Активтерді мемлекет пайдасына қайтару жұмысы жалғасады.

Аяз Есен

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!