Республика күніне орай студенттер онлайн оқитыны рас па?

Республика күніне орай студенттер онлайн оқитыны рас па?
Фото: elements.envato.com

Әлеуметтік желіде бірнеше күн университет студенттері қашықтан оқитыны туралы ақпарат тарап жатыр. Massaget.kz тілшісі осы ақпаратқа қатысты жауапты министрлікке сауал жолдады.

Желіде тараған кейбір ақпаратта 25-28 қазан аралығында, кейбір ақпаратта 23-25 қазан аралығында оқу онлайн форматқа ауыстырылатыны айтылады. Сондай-ақ, әлеуметтік желі қолданушыларының сөзінше, мұның себебі - "25 қазанда болуы мүмкін митингі". Алайда Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл ақпаратты растамады.

"TikTok желісінде таралған Абай университетінде онлайн форматта оқу жөніндегі ақпаратты университеттің баспасөз қызметі растамады. Университетте барлық сабақ академиялық күнтізбеге сәйкес бекітілген сабақ кестесі бойынша өтеді", - делінген министрліктің Massaget.kz-ке жауабында.

Еске салайық, бұған дейін Ішкі істер министрлігі өкілі 25 қазандағы митингіге дайындық туралы видеоларға жауап берген еді. Бұл күні заңсыз митинг ұйымдастыруға жол берілмейді. Оны ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты. 

Министрдің орынбасары мереке күндері полиция күшейтілген режимде жұмыс істейтінін, заңсыз митинг ұйымдастыруға жол берілмейтінін мәлімдеді.

"25 қазан (Республика күні - еск.) мемлекеттік мереке ғой. Біз оған дайындаламыз. Біз (ІІМ - еск.) күшейтілген режимде жұмыс істейміз. Қазір әкімдіктерден барлық іс-шараны сұрап жатырмыз. Онда қоғамдық тәртіпті сақтаймыз. 25 қазанда митингіге шақыруға тоқталайын, оны ДВК мүшелері істеп отыр. Қазақстанда ол заңсыз экстремистік ұйым болып саналады. Біз ешқандай митинг өткізуге жол бермейміз", - деді ол.

Сонымен қатар, 25 қазанда 20 мың полиция қоғамдық тәртіпті күзететіні айтылды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова