Ақшаға деген көзқарасқа әсер ететін 3 фактор

Ақшаға деген көзқарасқа әсер ететін 3 фактор
Фото: Алихан Сариев

Ақшаға деген дұрыс қарым-қатынас - бақытты өмірдің маңызды құрауышы. Қаржы мәселесін ойлап, уайымдай беру өміріңізді "улайды". Кейде қаржылық проблемалардың туындауына ақшаға деген көзқарасыңыз бен қарым-қатынасыңыз әсер етеді.

1. Балалық шақта қалыптасқан көзқарас

Қаржылық көзқарас адам бойына отбасылық дәстүрлер секілді сіңіріледі. Біз оларды ересек туыстардан көріп, өзімізге қабылдаймыз. Мысалы, сіз қандай да бір бәлішті дәл анаңыз секілді дайындайсыз. Мектепте қаржы негіздерін үйретпейді, сондықтан біз өскенде ақшаны балалық шақта меңгерген немесе көрген тәжірибеміз бойынша жұмсаймыз.

Бірақ ата-анаңыз қателескен болуы немесе олардың ақшаға деген қатынасы сіздің қазіргі мақсаттарыңызға сай келмеуі мүмкін. Сондықтан олардан алған қаржылық біліміңізге анализ жасаңыз. Қазіргі қаржылық әдеттеріңізге мән беріңіз: ақша жинап жатырсыз ба, қарыздарыңыз бар ма, бюджет құрып, оны сақтап жүрсіз бе? Өміріңізді өзгерту үшін қандай әдеттеріңізді өзгерткіңіз келетінін ойлаңыз. Қосымша қаржылық білім алуды қарастырыңыз. Сондай-ақ жеке қаржыны басқару жайлы кітаптар көп оқыңыз және подкасттар тыңдаңыз.

2. Эмоциялар

Қаржылық шешімдерімізді жиі эмоциялар басқарады. Мысалы, күйзеліс кезінде немесе көңіл күйіңіз жоқ кезде бірдеңе сатып алып, өзіңізді қуантқыңыз келеді. Ал дүкендегі "жаппай сатылым" деген сөзді көріп, бірдеңе сатып алмасаңыз, қандай да бір тиімді мүмкіндіктен айырылып қалатындай сезімде боласыз. Дүкенге бірдеңе алуға барар кезде өзіңізбен бірге тек сол затқа жететін ақша алып шығыңыз. Жоспарсыз бірдеңе сатып алудан толықтай бас тартудың қажеті жоқ, бірақ өзіңізді эмоциялық шығындардан қорғауға тырысыңыз. 

3. Әлеуметтік желілер

Әлеуметтік желіден үнемі әдемі заттар мен қызықты ұсыныстар көреміз де, бақытты болуымыз үшін сол заттар керек деп ойлаймыз. Сол заттарды сатып алған адамдармен өзімізді салыстырып, асығыс шешім қабылдаймыз. Алайда біз көрген нәрсенің бәрі шындыққа жанаспайды және өзімізді біреумен салыстыру және біреуді көреалмаушылық бізге тек зиянын тигізеді. Сол үшін әлеуметтік желіге ақшаны қайда жұмсау керегін "айтуына" мүкіндік бермеңіз. Қандай парқшаларға жазылғаныңызды және олардың қайсысы сізді көп зат сатып алуға итермелейтінін анықтаңыз. Содан соң олардан шығып кетіңіз. Сізді не қызықтыратынын және сол нәрседе қалай дами алатыныңызды ойланыңыз. Алдыңызға мақсат қойып, оған қарай ұмтылыңыз. Бұл өзіңізге және өз өміріңізге көңіліңіз толуына көмектеседі.

Оқи отырыңыз: Үнемі жалақыға дейін ақша жетпей қалса, не істеу керек?

А. Жапатова