Жамбыл облысындағы жарылыс бойынша айыпталған алты адамға үкім оқылды

Жамбыл облысындағы әскери бөлімдегі өрт пен жарылысқа қатысты іске нүкте қойылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Шымкент әскери сотында екі жылдан астам уақытқа созылған атышулы сот процесі аяқталды. Сот залында адам лық толы болды: журналистер мен айыпталушылардың туыстары соттың үкімін бір сағаттан астам уақыт тыңдады.

Бұл іс бойынша алты адамға: екі сарбаз және төрт әскери қызметкерге айып тағылды. Іс 800 томнан тұрады, сот залында 300-ге жуық жәбірленуші мен куәгердің сөзі тыңдалды. Сот үкімімен әскерилер кінәсіз деп танылып, ақталды.

"Ерлан Бошай мен Берік Омарбеков 453-бап бойынша кінәсіз деп танылып, толық ақталды. Аслан Бақытжанов 462-баптың 3-бөлігі бойынша ақталды, бірақ 453-баптың 2-бөлігімен сотталды, бірақ 74-бапқа байланысты жазасын өтемейді, сонымен қатар 49-бап бойынша подполковник шенінен айырылды. Руслан Несіпқалиев 462-баптың 3-бөлігі бойынша кінәсіз деп танылып, ақталды, Несіпқалиев 453-баптың 2-бөлігімен сотталды, бірақ 74-бапқа байланысты жазасын өтемейді. Сондай-ақ ол 49-бап бойынша подполковник шенінен айырылды", - деді Шымкент гарнизондық әскери сотының судьясы Бөрлібай Қайыпов.

Ал екі сарбаз 9 жылын орташа қауіпсіздік колониясында өткізеді. Олар сот үкімімен 24 миллиард теңге көлеміндегі шығынды өтеуге міндеттелді.

"Ерпулат Тұранов 459-баптың 1-бөлігі бойынша сотталды, 70-бап бойынша ол осы бап бойынша жазасын өтемейді, 202-баптың 1-бөлігі бойынша сотталды және 9 жыл режимі орташа түзеу колониясында болады. Әсет Әшірбай 459-баптың 2-бөлігімен, 70-бабы бойынша осы бап бойынша жазасын өтемейді. Ол 202-баптың 1.2-бөлігімен сотталып, 9 жыл режимі орташа колонияда өтейді. Тұранов пен Әшірбайға 24 миллиард 583 миллион 939 мың теңге көлеміндегі шығынды өтеуге үкім шығарылды", - деді судья.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!