Тойға несие алуға тыйым салынуы мүмкін бе?

Тойға несие алуға тыйым салынуы мүмкін бе?
Фото: pixabay.com

Елімізде несие алуға шектеу қойылуы мүмкін. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәжілістегі парламенттік тыңдаудан соң БАҚ өкілдері Мәдина Әбілқасымоваға "Тойға кредит алуға заңмен тыйым салына ма?" деп сауал жолдады. Төраға несие алу әркімнің жеке мәселесі екенін жеткізді.

"Конституция бойынша біз адамдардың құқығын шектей алмаймыз. Алайда (халықтын шамадан тыс несие алу - еск.) мәселесін шешу үшін біз не істей аламыз? Алдымен қарыз алушының төлем қабілетін дұрыс бағалай білу керек. Егер ол несие алса, жалпы ай сайын төленетін несие көлемі (қарыз алушының - ек.) кірісінің 50 пайызынан аспауы керек. Мұны біз реттей аламыз. Бұл - халықаралық деңгейде белгіленген қарызға қызмет көрсету коэффициенті", - деді ол.

Мәдина Әбілқасымова заң аясында кредит көлеміне шектеу қою мәселесі қаралып жатқанын айтты.

"Біз нормативтік деңгейде қосымша не енгізгелі жатырмыз? Бұл - қарыз жүктемесінің жалпы коэффициенті. Ол қарызға шаққанда ай сайынғы төлем қанша болатынын қарастырмайды. Енді қарыз алушының кірісіне шаққанда қарыздың жалпы көлемі қанша екені ескеріледі. Мысалы, жалақы 300 мың теңге дейік. Демек ай сайынғы төлем 150 мың теңгеден аспауы керек. Енді біз адамның кірісіне қарай алатын несиелерінің максимал мөлшерін шектегіміз келеді. Критерийлердің біріне тоқталайын. Адамның 6,6 айлық жалақысын яғни 300 мың теңгені 6 айға көбейтеміз. Яғни оның барлық қаржы ұйымы бойынша берешегінің ең жоғары сомасы 1 млн 800 мың теңгеден аспауға тиіс", - деді төраға.

Аяз Есен 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз