"Қыздарды үйіне ойнауға шақырып, мың теңгеден берген". Түркістан облысында қыздарды зорлаған күдікті туралы тың дерек шықты

"Қыздарды үйіне ойнауға шақырып, мың теңгеден берген". Түркістан облысында қыздарды зорлаған күдікті туралы тың дерек шықты
Фото: elements.envato.com

Шәуілдір ауылында балабақша күзетшісі 2 және 4-сыныпта оқитын қыздарды зорлады деген күдіке ілінген болатын. Оқиғаға қатысты тың деректер айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.

Облыстық Полиция департаменті өкілі зорланған қыз саны үшеу екенін айтады. Ал ауыл жұрты педофилдің отбасы көшіп кетуін талап етіп отыр.

Шәуілдір жұрты бірнеше күннен бері есеңгіреп жүр. Ауылдың 33 жастағы тұрғыны педофил деген күдікпен қамауға алынған. Телеарна мәліметінше, ол 2 және 4-сыныпта оқитын көрші қыздарды үйіне ойнауға шақырып, білгенін істеп келіпті. Оны қыздардың бірі анасына айтып, артынша өзге балақайлар растаған соң, күдікті дереу ұсталыпты. 

"Киімін шешкен, іш киімдерін шешкен. Сипалаған. Сондай жағдайлар болған. Маман ретінде, жыныстық байланыс дейді, сондай ниеті болған дейміз, ол көзге көрініп тұр. "Мамаңа айтсаң, таяқ жейсің, папаңа айтсаң, үйтем бүйтем" деп қорқытқан. Содан кейін ақша берген. Мың теңгеден берген", - дейді акушер-гинеколог Гүлнұр Сайдубекова.

Бір рет үйленіп, кейін ажырасқан күдіктінің ұлы бар екен. Анасы, ағасы мен жеңгесімен бір аулада тұратын оның бөлек кішкентай үйі болыпты. Көрші қыздар үйіне ойнауға жиі келетінін туыстары да мойындап отыр. Бірақ мұндай азғындыққа барғанына ешкім сенбейді.

Кейінгі үш жыл балабақшада күзетші болып жұмыс істеген ер адамның айуандыққа барғанына ұжымдастары да сене алмай отыр. 

"Момын, өте момын. Қарапайым, айтқаныңды уақтылы орындайтын қызметкер. Жаман мінездеме бере алмаймыз. Ұжым сенбейді, әлі де сенбейді. Сенбейміз. Өйткені айтып тұрмын ғой, көз алдымызда жүрген бала. Бірге қызмет істеген соң, артық қылығы болса, байқалар еді деп ойлаймыз", - дейді балабақша меңгерушісі Жұлдыз Қинатова.

Қазір күдіктінің есік алдына тәртіп сақшыларынан күзет қойылған. Үш күннен бері мәслихат құрып жатқан ауылдастары күдіктінің отбасына ауылдан кету туралы шарт қойыпты.

Күдікті Отырар ауданы полиция басқармасының абақтысында тергеліп жатыр. Өзі үш қызға азғындық жасағанын мойындапты.

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында кәмелетке толмаған қыздарды зорлады деген күдікпен 33 жастағы ер адам ұсталғанын хабарлған едік.

Түркістан облыстық полиция департаменті бастығы Мұрат Қабденовтің сөзінше, ауылдың екі тұрғынынан арыз түскен.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова