"Жансақтау бөлімінде жатыр". Ақтөбеде қызылша аруы өршіп тұр

"Жансақтау бөлімінде жатыр". Ақтөбеде қызылша аруы өршіп тұр
Фото: gov.kz

Ақтөбеде қызылша ауруы өршіп тұр. Соңғы екі айда вирус жұқтырғандар саны тіпті көбейген. Оның басым бөлігі екпе алмағандар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазіргі таңда облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында 75 адам жатыр. Оның 15-і ересектер. Ал бүгін науқастардың көбеюіне байланысты "Шағала" сауықтыру орталығынан 80 кереует бөлінген.

Аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Әлия Нұртдинованың айтуынша, күніге қабылдау бөліміне  120-ға жуық адам келсе, соның 60-сы қызылша ауруы бойынша шағыммен қаралады екен.

"Қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық қолайсыз жағдай ақпан айынан басталды. Қыркүйек, қазан айында науқастанғандар саны көбейіп кетті. Қазіргі таңда 4 бала жансақтау бөлімінде жатыр. Науқастанғандардың басым бөлігі - 5 жасқа дейінгі балалар. Сырқаттанғандардың  он пайызы ғана екпе алған, қалғандары алмаған. Соның салдарынан ауру асқынып кетіп отыр", - деді бас дәрігердің орынбасары.

Әлия Нұритдинованың айтуынша, ата-аналар балаларына әр түрлі жағдай бойынша екпе салдырмаған. Бірінің неврологиялық сырқаты болса, екіншісі кейбір аурулардың асқынуына байланысты алмаған. Діни көзқарасы бойынша да екпеден бас тартқандар бар.  Тіпті екпеден қорқып, баласын ектірмегендер де кездеседі екен.

"Бір отбасы түгелімен ауырып, төрт баласымен ауруханада емделіп шыққандар болды. Тіпті баласы ауырып жатса да "екпе алмаймыз" деп қашатындар  да кездесті. Дәрігерлер оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Жалпы екпе алған бала қызылшаны жұқтырса да жеңіл түрде өтеді. Ал вакцина  алмаса өкпеге әсер етеді. Қазір жан сақтау бөлімінде жатқандардың барлығы екпе алмаған", - деді Әлия Нұритдинова.

Қызылшаның жеңіл түріне шалдыққандар  7 күнде емделіп шығады. Ал ауру асқынып кетсе 10-12 күн ауруханада жатуға тура келеді.

Кәмшат Сексенбайқызы

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Жайыққызы