Республика күніне орай биыл елімізде қандай шаралар өтеді?

Қайта жаңғырған Республика күні биыл елімізде екінші рет тойланады. 2023 жылы ұлттық мереке аптаның сәрсенбісіне түсіп тұр. Мерекеге орай 25 қазанда қазақстандықтар демалып, еліміздің барлық өңірінде ресми мерекелік іс-шаралар өтеді. Республика күні мемлекеттің өңірлерінде қалай тойланады?

Бас қаламыз Астана: концерт, көрме, автошеру, экскурсия және ұлттық спорт түрлері бойынша турнирлер

Астана әкімдігінің баспасөз қызметі мәліметінше, биыл елордада Республика күнін мерекелеу аясында 200-ден астам мәдени-бұқаралық, білім беру, спорттық және әлеуметтік іс-шаралар өткізу жоспарланған.

Алдағы іс-шаралардың қатарында мерекелік концерттер, автошерулер, көрмелер, балаларға арналған экскурсиялар, дөңгелек үстелдер, ұлттық спорт түрлері бойынша турнирлер, халықтың әлеуметтік осал топтарына азық-түлік себеттерін тарату және т.б. бар.

Іс-шаралар орталық алаңдар мен ірі нысандарда, сондай-ақ тұрғын үй алаптарының аумағында, білім беру ұйымдарында және т.б. өтеді.

Мәселен, бұл күндері аудан әкімдіктерімен бірлесіп қаланың 5 ауданының тұрғын алаптарында мерекелік концерттер өткізіледі:

  1. Сарыарқа ауданы, Көктал-2 тұрғын алабы, Қорғалжын алаңында сағат 12.00-де;
  2. Байқоңыр ауданы, Өндіріс тұрғын алабында сағат 12:00-де;
  3. Алматы ауданы, Интернациональный тұрғын алабы, Мекере көшесі, 2/1 сағат 12.00-де;
  4. Есіл ауданы, Пригородный тұрғын алабында сағат 12.00-де;
  5. Нұра ауданы, Жағалау шағын ауданы, Сығанақ-Айтматов қиылысындағы саябағында сағат 12:00-де.

Сонымен қатар, Республика күнін мерекелеу қарсаңында елорда тұрғындары "Менің елім – менің туым!" челленджін бастады. Астананың бес ауданында терезелер мен балкондарға және көше бойына 1000-нан астам ту ілінген.

Шымкент: мерекелік концерт, әндер челленджі, турнирлер, көрме және жәрмеңкелер

Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Кеуенованың айтуынша, еліміздің үшінші мегаполисі Шым қалада барлығы 20 іс-шара ұйымдастырылады.

Жоспар аясында мерекелік және патриоттық-тәрбиелік маңызы бар көптеген іс-шара өткізіледі. Олар:

  • «Ұрпаққа аманат» жобасы аясында «Патриотизм дауысы» атты патриоттық әндер челленджі:
  • «Дебаттық қозғалыс» жобасы аясында «Мен өз елімнің азаматымын!» атты қалалық дебат турнирі;
  • жастар арасында зияткерлік конкурстар;
  • жалпы мерекеге орай қаланың барлық 5 ауданында арнайы мерекелік концерт іс-шаралар;
  • көрмелер;
  • ауыл шаруашылық жәрмеңкелері ұйымдастырылады.

Абай облысы: бірқатар нысан ашылып, жаңа пәтер иелеріне баспана кілттері табысталады

Абай облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Садырбаевтың сөзінше, өңір бойынша 200-ден астам шара өткізу жоспарланған. Оның ішінде салтанатты және мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу көзделіп отыр. Мереке күні облыстың орталық алаңдарында, саябақтары мен скверлерінде жаппай жәрмеңкелер, көрмелер, мерекелік концерттер ұйымдастырылады.

Семейде 24 қазанда Абай атындағы театрда сағат 15:00-де "Республикам менің" атты мерекелік концерті өтеді.

25 қазанда Орталық алаңда сағат 14:00-де эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт, фольклорлық фестивалі ұйымдастырылады.

Ақмола облысы: жастар форумы, өнер фестивальдері, шығармашылық байқаулар мен экологиялық акциялар

Ақмола облысында Республика күніне орай 5 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылады. Оның ішінде жастар форумы, өнер фестивальдері, шығармашылық байқаулар мен экологиялық акциялар бар. Сондай-ақ мереке қарсаңында бірқатар әлеуметтік нысан ел игілігіне беріледі.

Мереке қарсаңында өңірде әлеуметтік он нысан пайдалануға беріледі. Шалғай ауылдарда медициналық пунктер мен мәдениет үйлері ашылады деп күтіліп отыр. Сондай-ақ 100-ге тарта ақмолалыққа жаңа пәтер кілті табысталады.

Қарағанды облысы: 25 қайырымды іс

Қарағандыда 25 қазанда сағат 10:00-де «Қыран елім – Қазақстан» әнұранын бірігіп орындайды.

Мұхтар Әуезов атындағы кітапханада сағат 12:00-де «Кітап оқитын ұлт» акциясы өтеді.

Жаңа Майқұдық МҮ-да сағат 12:00-де «Қазақстан – менің мақтанышым» және Теміржолшылар МҮ-да сағат 12:00-да «Мәңгілік жаса, қыран елім» атты мерекелік концерті ұйымдастырылады.

Маңғыстау облысы: ту ілінеді

Ақтауда 25 қазанда тұрғын үйлер балкондарына мемлекеттік ту ілу акциясы өтеді.

Абай атындағы МДК-да "Менің отаным - Қазақстан" атты концерт ұйымдастырылады. 

Павлодар облысы: мерекенің біртұтас шоғырландырушы символы - бүркіт бейнесі

Павлодар облысы бойынша Республика күнін тойлау аясында 400-ден астам шара ұйымдастыру жоспарланған.

Айтулы мерекенің аясында 24 қазанда Естай атындағы мәдениет сарайында салтанатты жиын ұйымдастырылады. Концерттік бағдарламаның арнайы шақырылған қонақтары: «МузАрт» тобы, Финляндияда өткен Ян Фиделиус атындағы «JSFest Vocal Competition» Халықаралық байқауының 1-орын иегері Дариға Мұсаева және кино және театр актері, тележүргізуші  Әділ Ахметов.

Естай қалалық мәдениет сарайының фойесінде Г.Потанин облыстық тарихи-өлкетану музейі еліміздің өркендеуіне арналған «Менің елім – мақтанышым» және Н. Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейі «Қасиетті жерлерге саяхат» атты көрмелерін рәсімдейді. 

25 қазанда - Ақсу қаласында «Мәңгілік жаса, қыран елім» атты мерекелік бағдарлама сағат 11:00-де Сәбит Дөнентаев мәдениет сарайының алаңында өтсе, Екібастұз қаласында «Қыран елім, Қазақстаным!» атты концерттік бағдарлама сағат 15:00-де «Өнер» мәдениет сарайында ұйымдастырылады.

Түркістан облысы: 17 әлеуметтік нысан ашылады

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаевтың айтуынша, Түркістан облысында 17 аудан-қалада 70-ке жуық іс-шара өтеді. 25 қазанда облыс орталығы мен барлық аудан-қала орталықтарында Мемлекеттік туды көтеру рәсімі өтеді. Сонымен қатар, «Жанашыр жүрек» акциясы аясында түрлі қайырымдылық шаралар ұйымдастырылады.

«25 қазан - Республика күні» мерекесіне орай Түркістанда Халықаралық «Voice of Turan-2023» қазақ әндері фестивалі басталды. 

ШҚО: мерекелік отшашу

Өскеменде 25 қазанда сағат 11.00–де "OSKEMEN RUN" - "Қазақстан" тауына жаппай жүгіру.

  • Сағат 10.00-де Орталық алаңда ауылшаруашылық жәрмеңкесі;
  • қала мейрамханаларының қатысуымен фудкорт;
  • қала тұрғындарының арасында гір спорты, армрестлинг, штанг көтеру бойынша жарыстар өтеді.

Сағат 11.00-де отандық эстрада жұлдыздары мен қаланың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен "ЖАСА, МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ!" атты күндізгі концерттік бағдарлама. 

Кешке 18.00-де концертте қаланың шығармашылық ұжымдары және эстрада жұлдызы "Qanay" өнер көрсетеді.

Сағат 21.00-де отшашу болады.

Еске салайық, бұған дейін Республика күніне орай Алматыда қандай шаралар өтетіні хабарланған еді.

Тағы да оқи отырыңыздар: Татуаж жасау зиян ба?

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!