Сенатор Президент тапсырмасын орындауға бөлінген қаржыны тексеруді сұрады

Сенатор Президент тапсырмасын орындауға бөлінген қаржыны тексеруді сұрады
Фото: elements.envato.com

Елімізде 120 миллион көшет өспей қалуы мүмкін. Бұған қатысты Сенат депутаты Нұрлан Бекенов Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін тексеруді сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президент 2025 жылға дейін Қазақстанда 2 миллиард ағаш отырғызуды тапсырған. Жоспарға сәйкес, 2021 жылы 138 миллион ағаш, 2022 жылы 280 миллион дана ағаш отырғызылған.

Оның айтуынша, биыл 409 миллион көшет отырғызу жоспарланған.

"Алайда оның 120 миллион тамыр жая алмайды. Бұл бюджет қаржысын тиімсіз жұмсау екені белгілі болып отыр. Бюджет шығынын азайту керек. Өсімдіктердің тіршілігіне бақылау және талдау жүргізілмейді. Оларды бақылау, күту және суарудың заманауи жүйесі орнатылмаған. Бюджет қаражатын тиімсіз жұмсағаны үшін жауапкершілік қайда?" - деді сенатор экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында.

Депутат ормандар мен курортты аймақтарда салынған барлық ғимарат пен құрылысты тексеруді ұсынды.

"Өсімдіктер мен ағаштарды өсіру, сондай-ақ, оларға күтім жасау тәсілдерін қайта қарау керек деп санаймын. Көшет отырғызатын мердігерлік ұйымдарға ағаштарды одан әрі міндетті түрде күтіп-баптау мен жай-күйіне мониторинг жасау және ол туралы есеп беру тәртібі бекітілсін. Бұл шарт қызмет көрсету шартында көрсетіліп, оларды орындамағаны үшін жауапкершілік туралы белгімен бірге жазылуы керек", - деді сенатор.

Аяз Есен 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!