"Кен орны, газ таратушы компания, зауыт". Боранбаевтың тағы бірнеше мүлкі мемлекет меншігіне өтті

Қайрат Боранбаевтың тағы бірнеше мүлкі мемлекет меншігіне өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қаржы мониторингі агенттігіне сілтеме жасап. 

ҚМА Қайрат Боранбаевтың тергеумен ерікті ынтымақтастығы аясында оның мүлкін мемлекет кірісіне қайтару шараларын қабылдап жатыр. 

"Қаражанбас Северный" кен орны мемлекет меншігіне өтті, оның өндірістік параметрлері - құны 35,4 млрд теңге болатын 2,6 млн тонна мұнай және 13,2 млн текше метр газ бар 143 ұңғыма.

Боранбаев сондай-ақ тауарлық газды тасымалдаумен және сатумен айналысатын "Азия Газ Чунджа" газ таратушы компаниясын мемлекет меншігіне берді. Компанияның нарықтық құны 14 млрд теңгеге жуық.

Сонымен қатар, құны 9 млрд теңге болатын "Сервисный Центр КазТурбоРемонт" ЖШС мұнай-газ жабдықтарын өндіру және жөндеу зауыты мемлекет меншігіне өтеді. Кәсіпорын жұмысшыларының саны 740 адам. Бұл нысандардың барлығы мемлекеттік пайдасына өтеді. 

Қонақүй, ойын-сауық орталығы, фитнес желісі: Боранбаевтың миллиардтарды мемлекетке қайтаруы оның жазасын жеңілдетуі мүмкін бе?

Еске салайық, кеше, 18 қазанда Қаржы мониторингі агенттігі мемлекет кірісіне Қайрат Боранбаевтың жалпы құны 33,75 млрд теңге болатын кеңсе, сауда және ойын-сауық кешені, сондай-ақ сауықтыру және фитнес желісі өткенін хабарлаған болатын.  

Атап айтқанда, оңтүстік мегаполистің орталығында орналасқан "Алмалы" сауда орталығының ғимараты, сондай-ақ жалға беру және мүлікті басқарумен айналысатын "Unity Hall" ЖШС. "Алматы Тауэрс" бизнес орталығында орналасқан нысанның ауданы 11 мың шаршы метрден асады.

Сондай-ақ, "Fitnation" фитнес клубтар желісі мемлекет меншігіне өтті. Нысандар Астана, Алматы және Қостанай қалаларында орналасқан. Бұл нысандардың барлығын қолданыстағы заңнамаға сәйкес демалыс, сауықтыру және білім беру орталықтарын ұйымдастыра отырып, әлеуметтік мақсаттарға пайдалану жоспарланып отыр. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!