"Бұрын бұл мектепте мұғалім асылып қалған". Шымкентте суицид жасаған баланың ісіне қатысты жаңа ақпарат пайда болды

"Бұрын бұл мектепте мұғалім асылып қалған". Шымкентте суицид жасаған баланың ісіне қатысты жаңа ақпарат пайда болды
Фото: Видео кадры

Шымкентте мектептің спорт алаңында 20 жастағы жігіт асылып, суицид жасаған. Бұл іске қатысты жаңа ақпарат пайда болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Оtyrar.kz-ке сілтеме жасап. 

Басылым мәліметінше, жігіт осы мектепте білім алған, оқу озаты болған. 3 жыл бұрын бітірген. Қалалық білім бөлімі өкілдері марқұмның №77 мектепте оқығанын растады. Оқуды бітірген соң университетке грантқа түскен. Бірақ үшінші курста белгілі бір себептермен оқудан шығып кеткен.

Тәртіп сақшылары жігіттің мұндай шарасыз қадамға баруына не түрткі болғанын анықтап жатыр. Марқұмның туыстары журналистерге сұхбат беруден бас тартты. Отбасы қайғы жамылып отыр, жігіт бір күн бұрын жерленген. Полиция қызметкерлері бұл іске қатысты өзге мәліметтерді жарияламады.

"Бұл дерек бойынша "Тұран" аудандық бөлімшесінде 1-бап бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр. ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы "Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу" бойынша сараптамалар тағайындалды", - дейді Шымкент қалалық ІІБ аға инспекторы Бақдәулет Уразбаев.

Оқу орнының айналасы қоршалған, бірақ мұнда оқушылар мектеп аумағынан шыға алатын тесік бар. Журналистер білім ошағына іргелес тұратын жергілікті тұрғынмен сұхбаттасты. Оның айтуынша, олар мектепті биік дуалмен қоршауға баяғыда уәде берген, бірақ әлі орындамаған.

"Егер бұл жерде биік дуал болса, ол мектепке кірмес еді. Қоршау саламыз деп уәде бергеніне 5 жыл болды, бірақ шұңқырлар әлі бар. Бұл алғаш рет болып отырған жағдай емес, бұрын бұл мектепте мұғалім асылып қалған", - дейді жергілікті тұрғын.

Қала әкімдігі өкілдері бұл ақпаратты растамады, бірақ жоққа да шығарған жоқ. Мектепте камералар орнатылғаны, қайғылы оқиғаның камераға түсіп-түспегені әзір белгісіз.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек