"Әзілдеген". Елді мекеннің мәдениет үйіне "бомба қойған" жасөспірім ұсталды

Қарағанды облысы Саран қаласы маңындағы елді мекеннің мәдениет үйіне жарылғыш зат қойылғанын хабарлаған жасөспірім ұсталды. Ол мұны әзіл үшін істеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

17 қазанда сағат 22:00 шамасында Саран қалалық полиция бөлімінің кезекші бөліміне белгісіз біреу қоңырау соғып, қалаға қарасты елді мекеннің мәдениет үйіне жарылғыш зат орнатылғанын хабарлаған.

Оқиға орнына бірден тәртіп сақшылары жіберілген. Ғимаратты және оған тиесілі аумақты қарау барысында ешқандай жарылғыш зат табылмады.

Қарағанды облыстық Полиция департаменті экстремизмге қарсы күрес және Саран қалалық полиция бөлімі қызметкерлері жүргізген кешенді іс-шаралар барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 16 жастағы жасөспірімді ұстады.

"Ол мұндай іске әзіл үшін барғанын мойындады. Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 273-бабына "Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау" сәйкес қылмыстық іс қозғалды", - делінген хабарламада.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!