"Бергі жағында сиыр тұрады, соның ішінен үйге кіреміз". Жазушы Қали Сәрсенбай пәтерде тұрған кезін еске алды

"Бергі жағында сиыр тұрады, соның ішінен үйге кіреміз". Жазушы Қали Сәрсенбай пәтерде тұрған кезін еске алды
Фото: видеодан алынған кадр

Жазушы, журналист Қали Сәрсенбай бір кездері отбасымен бірге тауық қорада, гаражда тұрғанын еске алды. Бұл туралы ол "Алғашқы" бағдарламасында әңгімеледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жазушының сөзінше, жастық шағында түрлі жерді баспана еткен.

"Гаражда да тұрдық, далада да тұрдық. Құдай-ау, жұрттың тауық қорасында да тұрдық. Тіпті бір үй болды, бергі жағында сиыр тұрады, соның ішінен үйімізге кіреміз. Сондай жағдай көп болды. Далада қалмайсың ғой, әйтеуір әрекет жасау керек", - дейді ол.

Ал журналистің жұбайы алғашқы пәтерді алғанда, қандай сезімде болғандарын айтты.

"Әлі күнге есімде, жүгіріп барып телефонды алсам, Қалекең "Тәке, балаларды киіндір, қазір барып алып келемін" дейді. Шошып кеттім. Сөйтсем, "үй бөлініп жатыр, сен керек болып тұрсың" дейді. Ол телефонның арғы жағында, мен бергі жағында екеуміз біраз жылап алдық. 90-жылдың көктемінде 17 наурызда 11 жылдан кейін 19-пәтерден өтіп келген алғашқы үйіміз. Бүкіл пәтерлерден де ыстық. Өзіміздің қара шаңырақ. Үш қатар бөлме. Шер ағаң келіп, батасын берген үй осы", - дейді оның жары Таңсұлу Мирманова.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова