Астана әуежайы шетелдік инвестордың басқаруына беріледі

Астана әуежайы шетелдік инвестордың басқаруына беріледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың Түркістан облысына жұмыс сапары барысында шетелдік инвестор - БАӘ-нің Terminals Holding компаниясымен Астана әуежайын мультимодальді хаб ретінде дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған.

Инвестор елорда әуежайының қызметіне жан-жақты баға беріп, кейіннен жолаушыларға қызмет көрсету сапасын және жалпы әуе айлағының тиімділігін арттыру үшін жедел басқаруды өз қолына алады. Инвестордың бірінші кезектегі міндеті - ұшу-қону жолағын реконструкциялауға және оны одан әрі жаңғыртуға дайындау.

Дайындық жұмыстарын және елорданың қысқа мерзімді құрылыс маусымын ескере отырып, келесі жылы жерүсті инфрақұрылымын күрделі жөндеуді бастау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, мемлекет пен жеке компания мүдделерінің тепе-теңдік балансын ескере отырып, болашақ инвестицияларға негіз болатын әуежайды дамытудың ұзақ мерзімді бизнес-жоспары әзірленетін болады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!