ХАМАС пен Израиль арасындағы қарулы қақтығыс: СІМ мәлімдеме жасады

Сыртқы істер министрлігі ХАМАС пен Израиль арасындағы қарулы қақтығысқа қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қазақстан ХАМАС-тың израильдік бейбіт тұрғындарға шабуылын және шетел азаматтарын кепілге алуын айыптайды. Біз БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің кепілге алынған адамдарды алдын ала шартсыз дереу босату және гуманитарлық көмекке кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету қажеттілігі туралы үндеуін қолдаймыз. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бішкекте өткен ТМД Саммитіндегі мәлімдемесінде былай айтылды: "Ондаған жыл бойы шешімін таппай келе жатқан міндеттерді жүзеге асыру үшін террористік әрекеттерді жасауға болмайды. Бұл әрекеттер ақталмайды", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Қазақстан Израильді Газа секторындағы бейбіт тұрғындардың өліміне, азаматтық инфрақұрылымның жойылуына әкеп соғатын күш қолданбауға шақырады.

"Мұндай жағдайда халықаралық құқық нормаларын сақтай отырып, Палестина халқының заңды құқықтарын көздейтін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тиісті қарарларын орындау өте маңызды. Зорлық-зомбылық әрекеті қайта зорлық-зомбылықты тудырады және Таяу Шығыс пен бүкіл әлем үшін сөзсіз қайғылы салдарға алып келеді. ...Қазақстан тараптарды әскери әрекеттерді тез арада тоқтатуын қамтамасыз етуге және "екі халық үшін екі мемлекет" формуласы негізінде аймақтың барлық тұрғыны үшін бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздікке қол жеткізу жөніндегі күш-жігерді жандандыруға шақырады", - делінген СІМ мәлімдемесінде.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!