"Шаршадым". Алматыда Өзбекстан азаматын ұрлап кеткендер ұсталды

"Шаршадым". Алматыда Өзбекстан азаматын ұрлап кеткендер ұсталды
Фото: ІІМ

Алматы полициясы Өзбекстан азаматын ұрлап кеткен күдіктілерді ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Адам ұрланғаны туралы ақпаратты 102 операторы тіркеген. Ведомство мәліметінше, Ақтөбе қаласының тұрғыны телефон соғып, 23 жастағы ағасын Алматыда белгісіз біреулер ұрлап, BMW көлігімен алып кеткенін айтқан.

Полиция бұл жағдай қалай болғанын түсіндірді.

"Әйел адам оған ағасы мен белгісіз біреудің хат алмасқан жазбасын жібергенін айтты. Хатта жігітті қорқытып, Шымкент қаласына өз бетімен оралуын талап еткен. Ұрланған адамның Өзбекстан азаматы екені және Шымкенттегі кірпіш зауытында жұмыс істегені белгілі болды. Жұмыстан шыққан кезде жұмыс берушілер оның төлқұжатын қайтарудан және төлем жасаудан бас тартқан. Сондықтан жігіт Өзбекстан елшілігіне хабарласу үшін Алматыға қашып кеткен. Түскен дабылдан соң Алматының ҰҚҚКБ мен Әуезов аудандық полиция басқармасының қызметкерлері Шымкентке барды, онда 31, 29, 31 жастағы үш жұмыс беруші ұсталды. Оларға айып тағылды. Олардың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр", - деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов.

Еске салайық, бұған дейін Атырауда Өзбекстан азаматы 4 жылдан бері құжатсыз жүргені хабарланған еді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова