Отбасының берекесін қашыратындарға психологиялық көмек көрсетіледі

Елімізде агрессорларға психологиялық көмек көрсетіледі. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Бүгінгі статистика көңіл көншітпейді. Соңғы 4,5 жылда үйдегі зорлық зомбылықтан 869 адам көз жұмды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 2086 фактісі тіркелген. Сондықтан алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу жіті назарымызда", - деді министр Үкімет отырысында.

Біріншіден, ол отбасыларға жан-жақты көмек көрсету үшін өңірлерде 68 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді, оның 19-ы уақытша баспанамен қамтамасыз етілетінін атап өтті.

"Бұл тәжірибе 2019 жылдан бері бар. Жәрдемге мұқтаж азаматтарға "бір терезе" қағидаты бойынша көмек көрсетіліп жатыр. Орталықтар психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетумен қатар отбасы институтын нығайтуға жан-жақты қолдау жасайды.

Тек осы жылдың басынан бастап 100 мыңнан аса кеңес берілді. Дегенмен бүгінде орталықтар қызметі біркелкі емес екенін мойындаймыз. Осыған байланысты министрлік бірыңғай тұжырымдаманың жобасын әзірлеп жатыр", - деді Аида Балаева.

Екіншіден, Профилактикалық жұмыстардың негізі – отбасын саналы түрде құруға мүмкіндік жасау. Нәтижесінде үйленгісі келетін жастарға бақытты отбасы болудың негіздері түсіндірілмек.

"Осыған орай БҰҰ Халық қорымен бірлесіп Астана мен Шымкент қалаларында пилоттық жоба іске қосылды. Онда неке қиюға өтініш білдірген азаматтарға отбасын жоспарлау, психология, репродуктивті денсаулық, ортақ бюджетті жоспарлау және басқа да маңызды мәселелер бойынша тегін кеңес беру, оқыту қарастырылған. Нәтижесі сәтті болса, осы тәжірибені барлық өңірлерге енгізуді қолға аламыз", - деді министр.

Аида Балаева жыл соңына дейін "Бақытты қазақстандық отбасы" интерактивті нұсқаулық әзірленетінін жеткізді.

"Некеге тұратын жұптардың отбасылық дәстүрлері мен рухани-адамгершілік құндылықтары туралы ақпараттар "Электронды үкімет" жүйесінде бейнеролик түрінде көрсетіледі. Некеге тұруға онлайн өтініш берген азаматтар осы нұсқаулықпен міндетті түрде танысып шығуы тиіс", - деді ол.

Сонымен қатар, министр гранттық қаржыландыру аясында агрессорлармен психологиялық жұмыс жүргізу бойынша пилоттық жобаны іске асырылып жатқанын айтты.

"Оның міндеті – дағдарыс орталықтарының мамандарын тарта отырып, отбасын сақтау, тұрмыстық қылмыстардың деңгейін төмендету, моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту. Біз ең алдымен мамандардың біліктілігін арттыруды ерекше назарға алдық. Нәтижесінде дағдарыс орталықтарының 70 қызметкері, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының 280 инспекторы, сондай-ақ 5 облыстың учаскелік инспекторлары агрессорлармен жұмыс істеу бойынша оқу курстарын аяқтады. Екінші кезеңде агрессорларға психологиялық және құқықтық кеңестер ұйымдастырылды", - деді Аида Балаева.

Аяз Есен

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!