Президенттен көмек сұрады: Алматыда 1000-нан аса жас отбасы баспанасыз қалуы мүмкін

Президенттен көмек сұрады: Алматыда 1000-нан аса жас отбасы баспанасыз қалуы мүмкін
Фото: Massaget.kz/Болат Айтмолда

Алматыда 1000-нан аса жас баспанасыз қалуы мүмкін. 2019 жылы "Сатып алу құқығынсыз 5 жылға жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасының" аясында 1050 жас баспаналы болған. 29 жасқа дейінгі жандарға осы уақыт ішінде тұрғын үй сатып алу немесе бастапқы жарнаны жинақтау ұсынылыпты. Алайда жастар "қымбатшылық қысқан заманда қаржы жинақтау мүмкін болмады" дейді. Оның үстіне араларында 5 жылда шаңырақ көтеріп, 3-4 баласы бар жас отбасыға айналғандары да жетерлік. Енді 29 жасқа дейінгі қыз-жігіттер сатып алу құқығынсыз берілген үйлерді жекешелендіріп беруді сұрайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Әбдіқадір Мөлдір 2019 жылы сатып алу құқығынсыз 5 жылға жалға баспана алғандардың бірі. Қазір 4 баласымен Саялы 2 ықшам ауданында тұрады. Басында жалдамалы үй болғандықтан көп балалы ана ретінде үй кезегіне тұра алмапты. 

Фото: Тұрғындардан видеодан алынған скрин

"Алматы жастары бағдарламасымен 2019 жылы жолдасым екеуіміз жалдамалы негізде үй алдық. Ол кезде баламыз болған жоқ. Қазір Аллаға шүкір 4 балам бар. Тапқан табысымыз балаларымыз бен тамағымыздан артылмайды. Жалдамалы үйде тұрғандықтан көп балалы ана ретінде үй кезегіне тұра алмадым. Бұл үйді тапсырған күннің өзінде біраз уақыт керек. Бар тілегіміз осы үйді бөліп төлеу құқығымен берсе дейміз", - дейді Мөлдір Әбдіқадір. 

Үкіметтен тегін үй сұрап отырған ешкім жоқ. Жастар қазіргі тұрып жатқан үйлерін 10 пайыз алғашқы жарнамен, 5-7 пайыз жылдық үстемақымен берсе дейді. 

"Осы тұрақталып, тамырымызды жайып, берекемізді өсіріп отырған үйімізді өзімізге оңтайлы бағдарламамен ипотекаға берсе. Тегін сұрап отырғанымыз жоқ. Себебі жеке компанияларда жұмыс істейтін жастарға арнайы бағдарлама жоқ. Баспанаға қол жеткізу кезінде мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін жастарға басымдылық берілген. Ал біз үшін тек 50\50 бағдарламасы бар. Қазір 1 бөлмелі баспана кемі 20 миллион теңге. Ал оның 50 пайызын жинап бітем дегенше үй бағасы шарықтап өсіп кетіп жатыр. Сол себепті бізге осы үйлерді 10 пайыз алғашқы жарнамен берсе екен", - дейді Шәрбән Жакупжанова. 

Фото: Тұрғындардан видеодан алынған скрин

Тұрғындардың сөзінше бір ғана Алматы қаласында 3000-нан аса жас жалдамалы баспаналарда тұрып жатыр. Олар бір бөлмелі пәтерге 11 мың теңге, 2 бөлмелі баспанаға 15-17 мың теңге салық төлейді екен. Ал коммуналдық төлем жазда 20 мыңнан, қыста тіпті 40-50 мыңға дейін жетеді дейді. 

Ал Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің мәліметінше мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасымен осы күнге дейін Алматы, Астана және Шымкент қалаларында 7 мыңнан астам адамға пәтер кілті табысталған. Сондай-ақ баспаналы болуға арналған бірнеше бағдарламаның бар екенін алға тартты. 

Фото: Massaget.kz/Болат Айтмолда

"Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй" бағдарламасының негізгі мақсаты жастарға 5 жыл ішінде жеке тұрғын үй сатып алуға бастапқы жарнаны жинау үшін жағдай жасау. 54 мыңнан астам жұмыс істейтін жастар тұр. Бағдарлама "Отбасы Банк" АҚ депозитінде бес жылға дейін жинақтауды көздейді. Сондай-ақ "Бақытты отбасы", "Өз үйім", "Шаңырақ" секілді баспаналы болуға арналған бағдарламалар бар. Сол себепті сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы бойынша жекешелендіру және сатып алу көзделмеген. Өйткені бұл әзірленген бағдарламаның негізгі бағытына сәйкес келмейді", - дейді ведомства өкілдері. 

Ал тұрғындардың талабына "Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы" жалдамалық негізде берілген үйлерді жекешелендіру заңдық тұрғыда қарастырылмағанын айтыпты. 

"Нұрлы жер" тұрғын үй-коммуналдық дамуының 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй беру кезінде "жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беру" бағыты бойынша барлық қатысушыларға бағдарламаның жоғарыда көрсетілген талаптары түсіндірілді және сатып алу құқығынсыз коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй жалдаудың тиісті шарттарына қол қойылды. Жоғарыда мазмұндалғанның негізінде, Сіздің өтінішіңізді қанағаттандыру үшін заңды негіздер жоқ", - делінген хабарламада. 

Атқарушы биліктен мардымды жауап ала алмаған жастар мемлекет басшысына өтініш хат жазған. Тіпті бейнеүндеу де жолдапты. Себебі "сатып алу құқығынсыз" деген тармақты өзгерту президенттің пәрменімен жүзеге асады деген ниетте. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов