Түркістан облысында депутатты әлдекімдер өз үйінде аяусыз ұрып кеткен

Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы Еңкес ауылында жергілікті мәслихат депутатын әлдекімдер ұрып-соғып кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәслихат депутаты Руслан Насировты өз үйінде ұрып-соғып кеткен. Желіде Насыровтың үйінде орнатылған бейнекамера кадрлары тарады. Видеода бәрі Насировтің бір кездері мемлекет меншігіне заңсыз өтіп кеткен жерді мемлекетке қайтарып беруінде болуы мүмкін екені айтылады. 

Бейнекамерадағы дерек бойынша, оқиға 7 қазанда болған. 

"Түркістан облысында жер дауы өршіп тұрғаны айдан анық. Белгілі бір топ пен халық қалаулысының арасындағы дау неден туындады? Болған жайтты біз де зерделеп көрдік. Білуімізше, халық қалаулысын соққыға жыққан батырлар елді-мекенде 20 гектарға жуық жерді заңсыз иемдженіп келген. Бұл жағдайдан хабардар халық қалаулысы 20 гектар жерді ел мүддесі үшін қайтарған. Депутаттың айтуынша, мемлекет мүддесі үшін қайтарылған жерде болашақта балалар спорт алаңшасын, жайлы мектеп құрылысын және мазарат жерін кеңейтпек болған", - делінген видеода. 

Түркістан облысының Полиция департаменті өкілдері бұл дерекке қатысты пікір білдірді. Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің полицейлері жергілікті тұрғынның хабарламасы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

"7 қазанда сағат 3:20 шамасында полицияға ерлер арасында туындаған жанжал туралы хабарлама келіп түсті. Жанжал кезінде олардың бірі екіншісін ұрып, мүлікті бүлдірген. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шықты. Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 293-бабы "Бұзақылық" және 202-бабы 1-бөлігі "бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру"бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр", - дейді ПД өкілдері. 

Жәбірленушіге қатысты сараптама тағайындалған. Заттай дәлел ретінде бейнежазбалар алынды. Болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

"Өз кезегінде, азаматтарға тек ресми дереккөздерге сүйенуді және жалған ақпарат таратудан аулақ болуға кеңес береміз", - дейді ПД өкілдері.

Massaget.kz тілшісі оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында депутаттың өзімен де байланысқа шығады. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!