"Досының үйінде қонып қалған". Шымкентте жоғалған бала табылды

Шымкент полицейлері жоғалып кеткен 12 жастағы баланы іздеп тапты. Ол досының үйінде қонып қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Сенбіден жексенбіге қараған түні сағат 02:00 шамасында Абай АПБ-ның "102" арнасына жергілікті тұрғын көмек сұрап хабарласты. Азаматша 12 жастағы баласының күндіз үйінен шығып,  оралмағанын жеткізді.

Жасөпірімнің өміріне төнуі мүмкін қауіп-қатердің барлығы ескеріліп, тәртіп сақшылары жедел-іздестіру жұмыстарына кірісті. Жеке құрамға шұғыл бағыттама беріліп, кезекшіліктегі қызметкерлер бейнебақылау камераларының жазбалары мен жасөспірімдер баруы мүмкін жерлерді тексерді.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жеткіншек көрші орналасқан көпқабатты үйден табылды. Белгілі болғандай, ойын баласы досының үйіне барып, анасынан сұранып келгенін айтып, қонып қалған. Үлкендер баланың рұқсатсыз кетіп қалғанын білмегенін жеткізді.

Тәртіп сақшылары жасөспірімді аман-есен ата-анасына табыстап, олармен профилактикалық әңгіме жүргізді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!