2030 жылға қарай автокөлік иелену заңсыз болатыны рас па?

2030 жылға қарай автокөлік иелену заңсыз болатыны рас па?
Фото: elements.envato.com

Қазнетте Дүниежүзілік экономикалық форумның негізін қалаушы Клаус Швабтың сөздері талқыланып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап. 

Оның сөзінше, автокөліктерге иелік ету дәуірі аяқталып келеді және 2030 жылға қарай жеке көлік болуы заңсыз деп танылады. 

Бұл жаңалықтың алғашқы дереккөзі - The People’s voice жаңалықтар порталы. Бұл портал үнемі жалған хабарламалар, үгіт-насихат жариялайды.

"Клаус Швабтың 2030 жылға қарай автокөлікке иелік ету заңсыз саналады деген мәлімдемесі өтірік. 2014 жылы Дүниежүзілік үкіметтік саммитте Клаус Шваб болашақта адамдар жеке көлікке иелік етудің орнына автопилот электромобильдерді шақыру үшін қосымшаларды қолданады деген идеяны алға тартты. Түпнұсқа видео он жыл бұрын жазылса да, оның сөзінің нақ осы бөлігі бүгінде әлеуметтік желіде тарап жатыр", - делінген басылым мәліметінде.

Сонымен қатар, ДЭФ сайтында 2016 жылы автомобильдер дәуірі аяқталғаны туралы мақала бар, бірақ онда заңсыз болатыны айтылмаған. Материалда болашақта ірі қалаларда автопилотпен жабдықталған электромобильдері бар автопарктер пайда болған кездегі мүмкіндіктер туралы жазылған. 

Демек, Клаус Шваб та, оның әріптестері де көлікке иелік ету 2030 жылға қарай заңсыз болады деп мәлімдеген жоқ. Ол болашақта автопилоты бар көлікті жалға алу жеке көлік сатып алғаннан тиімдірек және ақылға қонымды болады деген ойын айтқан.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова