Халықты тонаған байлардың мүлкін елге қайтаруға жаңа комиссия құрылды

Халықты тонаған байлардың мүлкін елге қайтаруға жаңа комиссия құрылды
Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Елімізде халықты тонаған байлардың мүлкін елге қайтаруға жаңа комиссия құрылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Телеарна мәліметінше, комиссияның міндеті - жылдар бойы халықты заңсыз тонап келген бай-бағландардың мүлкін елге қайтару. Қазір арнайы тізім дайындалып жатыр. Оған 30 жыл ішінде түрлі саланың шылбырын ұстаған министрлер мен депутаттар, олигархтар мен олардың туыстары тайлы-тұяғы қалмай кіреді. Антикор қазір қызметтегілер де тексерістен тыс қалмайды деп отыр.

"Бұл реестр жабық болады. Неліктен? Өйткені "презумпция невиновности" дегенді естіген шығарсыздар. Араларында танымал адамдар бар. Бизнесмендер бар. Егер тағылған айып дәлелденбесе, олардың қазіргі бизнесіне кір келтірілуі мүмкін", - дейді әділет вице-министрі Алма Мұқанова. 

Жалпы жыл соңына дейін 180 миллиард теңгенің активі қазынаға кері қайтарылмақ. Оның ішінде қымбат вилла, яхталар бар. Қазақстандық қалталылар көбіне бағалы мүлкін Франция, Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктерінде сақтайды екен. Ал комиссияның қырағы назарына іліккендер есепшоттарындағы бар байлығын апыл-ғұпыл өзге туысына, не болмаса басқа азаматтың шотына аударамын деп әрекет етсе, бірден қылмыстық іс қозғалады. Қалталылардың мұндай әрекетінің ізін кесу үшін заңға арнайы бап та енгізілген. Ал заңсыз жиған дүние-мүлкін өз еркімен мемлекетке қайтарғандар жазадан босатылады.

"Конституцияның алдында, заңның алдында барлығы тең. Кімде қай фамилясы болсын, заңда бәріне бірдей", - дейді Мәжіліс депутаты Марат Башимов.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина