Желіде актер Асқар Жұмабековтің даулы ісіне қатысты тағы бір видео тарады

Әлеуметтік желіде танымал актер Асқар Жұмабековтің даулы ісіне қатысты тағы бір видео тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

11 қазанда Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 аудандық соты келушілерді ұрып-соққан караоке бар қызметкерлері К., Т., С., Р., Н., және К.-ға қатысты қылмыстық істі қараған болатын. Олардың ішінде актер Асқар Жұмабеков те бар. Сот мәліметінше, былтыр 28 желтоқсанда қаладағы караоке барлардың бірінде қонақтар мен мекеме қызметкерлері арасында жанжал шыққан. Кейін жанжал төбелеске ұласқан.

Мекеме күзетшілері мен диджейлері, сондай-ақ, барда болған олардың таныстары жәбірленушілерді ұрып-соға бастаған. Жәбірленушілер оқиға орнынан қашып кетпек болған. Алайда сотталушылар оларды көшеде қуып жеткен. Төбелес кезінде сотталушылардың бірі пышақ қолданбақ болған.

Ал әлеуметтік желіде тараған видеода жәбірленушілердің бірі мен актердің арасындағы жағдай көрінеді. Актер бұған дейін төбелеске тікелей қатыспағанын, тек ажыратқанын айтқан еді. 

Айта кетейік, Асқар Жұмабеков - қазақстандық актер. Ол "Ақжауын", "Рауза" телехикаяларына түскен. 

Еске салайық, бұған дейін актер Асқар Жұмабеков басына іс түскенін айтып, Президентке видеоүндеу жасағаны хабарланған еді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!