Астанада биіктен құлаған тағы бір альпинист ауруханада қайтыс болды

Астанада биіктен құлап, жарақат алған өндірістік альпинистердің жағдайына қатысты түсінік берілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"12 қазанда қаладағы №2 мемлекеттік көпбейінді ауруханаға биіктен құлаған альпинистер жеткізілді. Зардап шеккен 3 адамға көптеген диагноз қойылды: жұмсақ тіннің көптеген жарақаты, қабырғасы, жамбас сүйектерінің жабық сынуы, ішкі ағзаларының зақымдалуы, есеңгіреу.

Науқастар қарқынды терапия палаталарына орналастырылды, оларға шұғыл түрде медициналық көмек көрсетілген. Бірақ 12 қазанда сағат 17.40-та 1999 жылғы жігіт алған жарақат салдарынан көз жұмған", - деп жазылған хабарламада.

Дәрігерлер қалған альпинистердің өмірін аман сақтап қалу үшін күресіп жатыр.

"Қазір 2 науқас (1999 және 2002 жылдары туған) реанимация және қарқынды терапия бөлімінде емделіп жатыр. Олардың жағдайы өте ауыр", - деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, Астананың құрылыс алаңының бірінде 4 өнеркәсіптік альпинист биіктен құлаған болатын. Оның біреуі оқиға орнында мерт болды. Редакция оқырмандары хабарласып, 12 қазанда түстен кейін салынып жатқан тұрғын үй кешені аумағында оқыс оқиға болғанын айтқан. Ақпаратқа сәйкес, адамдар биікте жұмыс істеп жатқан кезде 9-қабаттағы альпинистік жабдықтан құлаған. Олардың ішінде 1999 жылы туған 3 альпинист және 2002 жылы туған тағы бір жігіт болған. 24 жастағы жұмысшы алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапты.

Аяз Есен

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!