Асхананы паналап отыр. Алматы облысының жедел жәрдем қызметі ғимаратсыз қалған

Асхананы паналап отыр. Алматы облысының жедел жәрдем қызметі ғимаратсыз қалған
Фото: автордан

Алматы облысы Қарасай ауданының жедел жәрдем қызметкерлері қызметтерін асхананың екінші қабатында көрсетіп жатыр. Жарығы жөнді жанбайтын, жылу жүйесі атымен жоқ ғимаратқа дәрігерлер күні кеше орналастырылыпты. Бұған дейін аудандық аурухананың қосымша станциясын жалдап келген екен. Енді бас дәрігер МРТ аппаратын орнатамыз деп орнымыздан қуып шықты дейді. Ауруханадан асханаға ауысқан 103 қызметкерлерінің жанайқайын Massaget.kz тілшісі тыңдап қайтты.

Фото: Massaget.kz. Дәмхананың сыртқы көрінісі 

Бұл жерге алғаш келгенде даңғаза әуеннен дәрігерлік пункттің бар екенін аңғару қиын. Тек көше бойында тұрған жедел жәрдем көліктерінен біле аласың. Қаскелең қаласындағы кішігірім дәмханаға көшкен дәрігерлер жаңа ғимарат салып береміз деп құрғақ уәдемен қатырып келген басшылыққа наразы. 

"Басшылық 2019 жылдан бері жаңа модульдік кеңсе салып береміз деп айтқан. Сөздерінде тұрмады. Бас дәрігер ақылы магниттік-резонансты бейнелеу (МРТ) аппаратын қоямын деп шығарып жіберді. Қазір асхананың 2 қабатында қызмет көрсетіп жатырмыз. Екінші қабатқа көтерілу қиын. 30-35 жылдан бері жұмыс істеп жатқан дәрігерлер бар. Олар үшін 2 қабатқа шығу мүлде мүмкін емес. Түнде ешқандай жарық жоқ. Құлап өлетін шығармыз"

Фото: Massaget.kz. Дәрігерлік пунктке көтерілетін баспалдақ

Ауласына сан алуан көлік кіріп жатқан ғимараттың алдына жедел жәрдем көліктері сыймайды. 9 көлігі бар мекеменің тек 2 көлігі қақпаның ішінде тұр. Ал қалғаны көше жағалап, жақын маңнан тұрақ іздеуге мәжбүр. 

Фото: Massaget.kz.

"10 жылдан бері жұмыс істеймін. Мынау бізге берген мекемесі басшылықтың таңдап берген асханасы. Асты кафе, үсті демалыс орны болған. Басшылық мынаны алып беру үшін қандай соқыр болуы керек? Білмеймін. Білімді адамның ісі осындай бола ма? Көлік тұрағы жоқ. Кептеліс.  Жедел қоңырау болған жағдайда уақытылы жете алмаймыз", - дейді Қарасай ауданының жедел жәрдем бөлімшесінің фельдшері Әділет  Жұманов. 

Фото: Massaget.kz. Дәрігерлердің асханасы мен тынығатын орны.

Ал жедел жәрдем мекемесіне жаңа ғимарат табуға 1 ай уақыт берілген. Алматы облысы жедел және шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы директорының орынбасары Мерей Аманов көптеген ғимараттар стандартқа сай келмегендіктен, ауруханаға алыс емес жерден асхананы таңдапты. 

Фото: Massaget.kz. Алматы облысы жедел және шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы директорының орынбасары Мерей Аманов

"Қарасай аудандық ауруханасында қосалқы станциямыз орналасқан болатын. Сол ғимаратқа МРТ аппаратын орнатамыз деп бас дәрігердің нұсқауы келді. Бір-ай бұрын ескертілді. Ғимараттарды іздестіру жұмыстарын жүргіздік. Аурухананың аумағынан алыс емес жерде осы ғимаратты жалға алуды жөн көрдік. Бір аптаның көлемінде жаңа орынға көшірілетін болады. Көп ғимараттар стандартқа сай келмеді", - дейді Мерей Аманов 

Фото: Massaget.kz. Мекеменің ішкі көрінісі.

Жедел жәрдем пунктінде күн-түн демей еңбек етіп жатқан 80-ге жуық адам бар. Бұл мекеменің ғимаратсыз қалуы Алматы облысы мен Жетісу облысы бөлінуімен байланысты екен. Жедел жәрдем орталығына тиесілі инфрақұрылымның барлығы мемлекеттік стандартқа сәйкес  Талдықорғанда қалып қойған. Ал 2 жылдан бері жаңа ғимараттың салынбауына бюджет тапшылығы себеп болыпты. 

"Ұжымға ыңғайлы болу үшін басқа ғимаратқа көшуді қарастырып жатырмыз. 2022 жылы маусымда Алматы облысының құрамынан жаңа Жетісу облысы бөлінген кезде мемлекеттік стандартқа сәйкес инфрақұрылымның барлығы Талдықорғанда қалды. Ол жақта арнайы ғимараттары бар. Біз облыстық жедел жәрдем қызметін қабылдап алған кезде бірде-бір станция болмады. Бас кеңсесі Талдықорғанда орналасқан. 19 қыркүйек күні диспетчерлік құрам Алматы облысына көшірілді. Бұрын барлық қоңыраулар Жетісу облысына түсіп тұрды. Біз бұл проблеманы білеміз. Бірақ жедел жәрдем бөлiну балансын жүзеге асыру үшін жарты жыл уақыт кетті. Ал жаңа ғимарат салуға қаржы жетіспейді", - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Оңғарсын Алғабекұлы. 

Фото: Massaget.kz. Асхана аумағында тұрған жедел жәрдем көлігі.

Мәселеге жауаптылар бір апта көлемінде жедел жәрдем қызметкерлері жаңа орынға көшіріледі деп уәде етті. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Оңғарсын Алғабекұлы келер жылдың қараша айында жылдам модульдік конструкция негізінде жаңа ғимарат салынатынын жеткізді.  

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Зинешов