"Келтірілген залал - 13 миллион". Ресей азаматы 20 жыл бойы Қазақстан зейнетақысын алып жүрген

Ресей азаматтығын алған қария Қазақстаннан 20 жылға жуық зейнетақы алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Шығыс Қазақстан облысы полицейлері қазанның басында қос азаматтығы бар заңбұзушыны анықтады. Алтай ауданының 76 жастағы тұрғыны 2002 жылғы қарашада Ресей азаматтығын алған. Сонымен қатар, 2004 жылы зейнет жасына жеткен кезде Қазақстаннан және Ресейден де зейнетақы төлемдерін алып отырған. Мемлекетке келтірілген залал 13 миллион теңгеден асады.

"Қазір шетел азаматынан Қазақстан құжаттары тәркіленіп, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру туралы құжат тіркелді. Құқықбұзушы ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 496-бабы 1-бөлігі бойынша 100 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деді ШҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Нұрлан Жеңіқсанов.

Айта кетейік, ШҚО-да жыл басынан бері 45-тен аса адам азаматтық туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз