Алматы облысындағы қарттар үйінде зейнеткер тірідей өртеніп кеткен

Алматы облысында қарттар үйінің тұрғыны тірідей өртеніп кеткен. Әзірге қария жатқан бөлмеде өрт нақты неден шыққаны белгісіз, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Информбюро 31" бағдарламасына сілтеме жасап. 

Бағдарлама мәліметінше, марқұм отқа оранған сәтте қасында не медбике, не күтуші болмаған, мекемедегі өрт қауіпсіздігі құрылғылары да іске қосылмаған. Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының мамандары қарт кісі бөлмесінде темекі тартқан болуы мүмкін екенін айтады. Олардың сөзінше, өрт те содан тұтанған.

Дәрігерлер денесінің 75 пайызын күйік шалған қарияны ажалдан арашалай алмаған. Қонаев қаласындағы арнаулы әлеуметтік орталық қызметкерлерінің айтуынша, сол күні де екі кезекті күтуші қарттардың жөргектерін ауыстырып, медбикелер денсаулығын тексеріп жүрген. Өрттің белгілері де болмапты. Ал кезекті бөлменің есігін ашқанда, зейнеткер өртеніп жатқанын көрген. 

"Күтуші қыз бетіне су шашқан. Артынан екі медсестра келген. Ол кісілер алғашқы көмек көрсеткен. Сразу скорыйды шақырған. Сол кезде азар болса, 6-7 минуттың ішінде скорый келіп алып кетті", - дейді қызметкерлердің бірі Роза Жамансарина.

Қызметкерлердің айтуынша, марқұм қария орындықта отырып, темекі тартқан. Ал сол шылымның шоғы үстіндегі киімге түсіп, өртенген болуы мүмкін екен. Қария бірден жансақтау бөліміне жатқызылыпты. Бірақ жарақаты тым ауыр болып көз жұмған.

Зейнеткер нақты неден қайтыс болғанын анықтау үшін сот сараптамасы жүргізіліп жатыр. Ал Төтенше жағдайлар департаменті мекемеде қауіпсіздік талаптары бұзылғанын растады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!