Ауғанстанға аттанған қазақстандық құтқарушылар алғашқы күні 76 учаскедегі үйіндіні аршыды

Ауғанстанға аттанған қазақстандық құтқарушылар алғашқы күні 76 учаскедегі үйіндіні аршыды
Фото: Tengrinews.kz

Қазақстандық құтқарушылар Герат провинциясындағы жер сілкінісінен кейін үйінділерді аршып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Іздестіру-құтқару жұмыстары Наиброфи елді мекенінде жүргізіліп жатыр.

Алғашқы тәулік ішінде 76 учаскедегі үйіндіні аршыды. Бұл - қираған үйлердің фрагменттері.

Сонымен қатар, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері мен фельдшерлері 39 жергілікті тұрғынға, оның ішінде 5 балаға медициналық көмектесті. Тұрғындар негізінен жарақаттармен, стресс реакциясымен жүгінді, тіпті суық тиіп сырқаттанған адамдарға да көмек көрсетілді.

"Бүгін таңғы сағат 06:32-де Герат қаласының маңында күшті афтершок тіркелді. Чолктула елді мекенінде зардап шеккендердің болуы мүмкін екені туралы ақпарат түсті, сол жерге қазақстандық 29 құтқарушы жіберілді. Олар өздеріне бөлінген учаскедегі үйінділерді аршу жұмыстарын жүргізді, зардап шеккендер табылған жоқ. 10 тұрғынға медициналық көмек берілді. Жұмыс аяқталғаннан кейін күштер мен құралдар зардап шеккен адамдарды іздеуді жалғастыру үшін Наиброфи елді мекеніне оралды", - делінген хабарламада.

Еске салайық, 10 қазанда 45 адамнан тұратын құтқарушы топ Ауғанстанға жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға көмектесу үшін аттанды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан