"7-20-25" бағдарламасы: ипотеканың парамен берілуіне кім жауап береді?

"7-20-25" бағдарламасы: ипотеканың парамен берілуіне кім жауап береді?
Фото: Massaget.kz/Тамара Дүйсенова

Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова депутат Дәулет Мұқаевтың "7-20-25" бағдарламасы жемқорлықтың ортасына айналды" деген мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысынан шыққан премьер-министрдің орынбасарына БАҚ өкілі "жиында депутат Дәулет Мұқаев қазақстандықтар "7-20-25" бағдарламасына ілігу үшін пара беріп жатқанын айтты. Бұл Үкіметтің әлсіздігі ме, қай жерде қате кетті?" деп сұрақ қойды.

Вице-премьер сауалға нақты жауап бермей, тек мемлекет тұрмысы төмен қазақстандықтарға көмектесіп жатқанын жеткізді.

"Бүгінде "7-20-25" бағдарламасы бойынша Ұлттық банк жұмыс істейді. Бүгінде 600 мың адам баспана кезегінде тұр. Оларға мемлекет тарапынан сатып алуға, жалдауға берілетін үйлер бар. Жыл сайын Үкімет бұл мәселені шешіп жатыр. Кезек бойынша баспана аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға, мүгедек балаланы асырап отырған отбасыларға беріледі", - деді Тамара Дүйсенова.

Еске салайық, бұған дейін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дәулет Мұқаев қазақстандар ипотека алу үшін пара беруге мәжбүр екенін айтқан еді. 

"Баспана мәселесі қазақстандықтардың бас ауруына айналып жатыр. Әсіресе, соңғы жылдары мәселе күрт шиеленісті. Баспана мәселесін Мәжіліс мінберінен бірнеше рет көтердік. Үкімет тарапынан мардымды жауап болмады. Маған үнемі сырғытпа жауап келді. Бүгінде баспана нарығы тұралап тұр. Үй алудың барлық бағдарламасы тоқырауға ұшырады.

"7-20-25" бағдарламасы жемқорлықтың ортасына айналып жатыр. Бағдарлама арқылы үй алу үшін пара берушілер де көбеюде, ал жастар мәселесінің орны бөлек, - деді Дәулет Мұқаев.

Аяз Есен 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!