"Зардабын халық тартып отыр". Өскеменде автобус жүргізушілері жетіспейді

Шығыс өңірінде жолаушы тасымалдау саласында тағы шу шықты. Тұрғындар жиі шағым білдіретін автобус мәселесі шешімін табуға шақ, бірақ соны жүргізетін адам тапшы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жүргізушілердің азаюынан қоғамдық көлік қатынайтын бағыттар қысқарды. Қалада барлығы екі ірі тасымалдаушы мекеме бар. Қазір олардың бас қатырып отырған тақырыбы – кадр тапшылығы.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, ол жерде 206 адамға бос орын болса, соның 100-і бос тұр. Айлығын жоғарылатып, баспана жағымен көмектесеміз десе де мамандарды ұстап қалу мүмкін болмай тұр.

"Әйтеуір бір шешілмей-ақ қойды осы мәселе. Қазір күн ерте қараяды, үйіміз қаланың шет жағында. Жалғыз №12 автобустан басқа көлік жоқ. Ескіргенін қойшы, жарты сағат, бір сағаттап күтіп тұрамыз. Мұның себебі немен байланысты екенін білмеймін, бірақ зардабын халық тартып отыр", – деді қала тұрғыны Тәуірбек Қалқашбаев.

Анықталғандай, D санатына қойылатын талап күшейтілгендіктен, бұған мойын бұрғандар қатары кеміді. Ал жастар жағы тіптен келгілері жоқ көрінеді. Қазір Өскемен автопарктерінде көбінде зейнет жасындағы адамдар.

Айтуларынша, уақыт өткен сайын жасарып бара жатқан жоқ, қимылдары баяу. Ал мұның соңы жол апатына әкелуі мүмкін екендігін жасырмады.

"Қазір жасым 55-те. Автобус паркіндегі ең жасы менмін. Жұмысқа келіп жатқандар ілуде біреу, жастар санат талабына байланысты құлшынбайды. Әуелі D1-ді, сосын тәжірибе толықтырып D санатын алуға болады", – деді Александр Савин.

"Автобус жүргізушілері неге тапшы?" деген сауалға жауап іздесек, бар гәп оларға қойылатын қатаң талаппен ұштасады. Жұмысқа тұрғысы келетіндердің жасы 25-тен төмен болмауы керек. Алдымен D1 санатын алып, үш жыл "маршруткаларды" жүргізулері тиіс. Тек содан барып автобусқа отырады. "Рост" автопаркі инженерлерінің сөзінше, мұны реттеу үшін D1 санатын қысқартып, D-мен теңестіру қажет. Жүргізуші жасын 25 емес, 21 деп бекіткен орынды. Яғни, С санатын алып, бір жыл жұмыс істеген соң D санатына қол жеткізуге болады.

Кадр тапшылығынан аталған мекемелер шығынға ұшырап отыр. Қоғамдық көліктің жоқтығынан автобустарды жаңарту мүмкін емес дейді. Қалалық мәслихат өкілдері бұл жағдайға қатысты көмек қолын созуға дайын екендерін айтып, ҚР Көлік және Ішкі істер министрлігіне хат жолдағандарын жеткізді.

Асыл Бигелді

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз