Ақтауда теңіз жағалауында егеуқұрықтар қаптап кетті

Ақтауда теңіз жағалауында егеуқұрықтар қаптап кетті. Кеміргіштер тіпті тұрғын үйлерге де кіріп кеткен. Тұрғындар тышқандардың көзін жоюды талап етуде, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Теңіз жағаға үнемі келетін едім, енді қорқатын болдым. Себебі, мынадай жағдайда жағалауда отыру мүмкін емес. Үлкен-үлкен егеуқұйрықтар жүреді. Жан-жақтан қонақтар келеді. Мынау енді ұят", - дейді ақтаулық Айнагүл Шекербекқызы.

Қала тұрғыны Жәңгірхан Бралиев жағалауда кеміргіштердің көбеюі өмірге қауіпті деген пікірде. Өйткені, түрлі ауру таралуы мүмкін.

"Отыра алмайсың. Ана жақтан, мына жақтан шыға келеді. Қасыңнан жүгіріп өтеді. Кішкентай балалар бар. Бұл арам ғой. Балалар ойнап, ұстап қалуы мүмкін. Өте қауіпті", - дейді тұрғын.  

Тұрғындардың шағымынан кейін құзырлы мемлекеттік органдар шұғыл шара қабылдаған. Соған сәйкес, жағалауда егеуқұйрықтардың көзін жою жұмыстары жүргізіле бастады. Мамандар кеміргіштердің көбеюіне тұрғындар кінәлі дейді. Себебі, кез-келген жерге қоқыс тастап, теңіз жағасын ластаған.

"Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ұсыныс хаты бойынша, егеуқұрықтың қаптауына - бейберекет жатқан қоқыстар, тұрғындардың заңсыз жерлерге қоқыс тастауы себеп. Бұған дейін мұндай жағдай болған емес. Егеуқұрықтар тек биыл анықталып отыр", - дейді Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Бақтияр Мақсатов.   

Дератизация жұмыстары 1 ай бойы жүргілмек. Мамандар "Самал" шағын ауданынан бастап, Ақтау теңіз портына дейінгі теңіз жағалауын дәрілейді. Содан соң, 16 мен 17-шағын аудандарда және Өмірзақ пен Приморский ауылдарында залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Шамамен 20 шақырымдай аумаққа дәрі шашылады. Содан соң өлген тышқандарды жинап, өртеу жұмыстары жүргізілмек.  

Сая Мәжитқызы

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!