Абай облысының тұрғыны Қытайдан тауар алдырамын деп алаяқтың құрбаны болды

Абай облысының тұрғыны Қытайдан тауар алдырамын деп алаяқтың құрбаны болды
Фото: polisia.kz

Абай облысының тұрғыны Қытайдан тауар алдырамын деп алаяқтың құрбаны болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап. 

Қыркүйек айының ортасында Семей қаласының ПБ орталық полиция бөліміне 35 жастағы ер адам келіп, 6 маусымда WhatsApp мессенджерін пайдаланып Қытайдан тауарға тапсырыс бергенін айтты. Алаяқ өзінің деректемелерін жіберіп, тауардың құнын алдын-ала төлеуді талап еткен. Жәбірленуші алаяқтың айла-амалдарына күдіктенбей, сатушының талаптарын орындап, бірден 1 миллион 500 мың теңгеден астам қаражат аударды.

Екінші аударымнан кейін тауарды жеткізуге уәде берген сатушы байланысқа шығуды тоқтатты. Ер адам алданғанын түсініп, полицияға жүгінді.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары Семей қаласының 35 жастағы жұмыссыз тұрғыны болып шыққан күдіктінің жеке басын анықтады. Жауап алу барысында күдікті ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсағанын түсіндіріп, кінәсін мойындады. 

"Бұл дерек Қылмыстық кодекстің 190-бабы 1,2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полиция алаяқтың басқа қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр", - деді Абай облысы ПД бастығы Бекторе Сұлтан. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина